Қоғам

Сенат қоғамда дау тудырған жер туралы заң жобасын мәжіліске кері қайтарды

Мораторийге дейін ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алған шетелдіктер және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар үшін жерді жалдау мерзімі ұзартылмайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 сәуір – Sputnik. Парламент сенаты жер қатынастары туралы заң жобасына түзету енгізіп, мәжіліске кері қайтарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

14 сәуірде мәжіліс ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салатын заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолдаған болатын. Алайда осы жаңалықтан кейін әлеуметтік желі белсенділері аталған заң жобасы шетелдіктерге жерді орман өсіруге жалға беруге тыйым салмайтынын айтып, наразылық білдірді.  

Сенаттың жалпы отырысында кейбір заңнамалық актілерге жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы екі оқылымда қаралды.

Құжатты қарау барысында сенаторлардан заң жобасына қатысты екі ұсыныс түсті.

"Жеке орман өсіру үшін жер учаскелерін тек Қазақстан азаматтарына және шетелдік үлесі жоқ Қазақстанның заңды тұлғаларына беру туралы тиісті өзгеріс пен толықтыруды Жер кодексіне енгізу ұсынылып отыр", - деді депутат Әбдәлі Нұрәлиев.

Ол заң жобасы Қазақстанның Конституциясына және қолданыстағы заңдарына сәйкес келетінін атап өтті.

Сенат бұл ұсыныстарды мақұлдап, құжатты жетілдіру үшін төменгі палатаға қайтарды.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толықтай тыйым салынған.

Оқи отырыңыз: Министр Омаров шетелдіктер қанша гектар жерді жалға алып отырғанын айтты 

Сонымен қатар мораторийге дейін ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алған шетелдіктер және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар үшін жерді жалдау мерзімі ұзартылмайды. Тиісті заң күшіне енгеннен кейін жер шетелдіктерден қайтарып алынады.

"Ал қандастарға жер учаскесі жеке қосалқы шаруашылық, бақ өсіру және саяжай құрылысы үшін беріледі. Олар ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға ала алады", - деді Омаров.

Бұған дейін министр Қазақстанның 74,4 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін шетелдік үлесі бар жеті компания жалға алып отырғанын мәлімдеді.