НҰР-СҰЛТАН, 29 сәуір – Sputnik. Алматы қалалық соты судья Светлана Жолманованы тінту кезінде миллиондаған доллар тәркіленді деген ақпаратты теріске шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Алматы қаласы Медеу ауданының судьясы Жолманованың кабинетінен – 4 500 доллар, үйін тінту кезінде – 2,8 млн доллар, көлігінен – 600 000 доллар және табылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Құрылыс жүргізушіден алынған параның мөлшері – 1 180 млн доллар деген деректер шындыққа сәйкес емес", – деді соттың баспасөз қызметі Sputnik Қазақстанға.
"Ақпарат ретінде, біз сізге кабинеттен 10 мың доллар тәркіленгенін, судьяның үйінен ештеңе тәркіленбегенін хабарлаймыз", – деп толықтырды сот өкілі.
Баспасөз қызметі судья Жолманованың өкілеттігі Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың бұйрығымен тоқтатылғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Алматы қалалық соты қалалық прокуратураға жалған ақпарат таратқандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы талаппен жүгінді.
Оқи отырыңыз: Мемлекеттік кәсіпорын басшысы 10 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталды
Бұған дейін қалалық сот Алматы қаласы Медеу аудандық сотының бір судьясы алаяқтық жасады деген күдікке ілінгенін хабарлады. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша (ірі көлемде алаяқтық жасау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген.
Судья "мүдделі тұлғалардың пайдасына шешімдер қабылдауға көмектесу үшін" алаяқтық әрекеттер жасады деп күдікке ілінген.