НҰР-СҰЛТАН, 28 сәуір — Sputnik. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев коронавирусқа қарсы вакцинадан кейінгі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Иә, екпе алдым. Жағдайым жақсы, өзімді тамаша сезініп тұрмын", - деді Ермекбаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Бүгін алдағы мерекелерге арналған шарада министр әскери қызметшілерді вакциналау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі кезде 9 әскери медициналық мекемелерде екпе егу пункттері ашылды.
Оқи отырыңыз: Министр Цой отандық вакцина ағзасына қалай әсер еткенін айтты
"Сондай-ақ, әскери қызметшілер тұрғылықты жері бойынша кез келген емханада вакцина салдыра алады. Осы уақытқа дейін жеке құрамның 35 проценті коронавирусқа қарсы екпе екті", - деп атап көрсетті Ермекбаев.
Айта кетейік, 25 сәуірде өткен онлайн брифингте қорғаныс министрлігі басшылықтың коронавирусқа қарсы вакцина салдырғанын хабарлаған болатын. Екпе алғандардың арасында министр Ермекбаев та бар.