Өңірлер

Ақшаны алаңсыз жаратқан: ақмолдық медбикенің өтірігі әшкере болды

Ақмолдық 26 жастағы медбике полицейлерге белгісіз біреу сейфтен қомақты қаржыны қолды еткенін айтқан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 сәуір – Sputnik. Ақмола облысында аурухана медбикесінің сейфтен миллион теңге ұрлағаны анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

26 сәуір күні Целиноград ауданының полиция бөліміне жекеменшік медициналық мекеменің сейфінен 1 миллион теңгенің қолды болғаны туралы хабарлама түсті.

26 жастағы Ақмол ауылының тұрғыны полицейлерге 7-26 сәуір аралығында белгісіз біреу сейфтің кілттерін сәйкестендіру арқылы қомақты қаржыны ұрлағанын айтқан.

Полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жоғалған ақшаның бәрін арыз берушінің өзі алғанын анықтады.

"Ол денсаулық жағдайына байланысты еңбек демалысына кетіп, ақшаны алаңсыз жаратқан. Жұмысқа оралған соң өз әрекетін жасыру мақсатында полицияға сейфтің есігі ашық тұрғанын және миллион теңгенің жоғалғанын мәлімдеген", – делінген хабарламада.

Медбике өзінің кінәсін мойындады.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 419-бабы бойынша (қасақана жалған шағым беру) күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Оқи отырыңыз: "Сонда не үшін керекпіз?!": павлодарлық медбике қазақстандықтарға үндеу жасады