АЛМАТЫ, 28 сәуір – Sputnik. Әнші Жазира Байырбекова Қазақстандағы балалар үйі мен қарттар үйін біріктіруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ол елдегі балалар үйіндегі бүлдіршіндердің бәрі бірдей махаббатқа бөлене алмайтынына жаны ауыратынын жеткізді.
"Мені көп толғандыратын мәселе бар. Еліміздегі балалар үйінің бүлдіршіндері аш емес. Оларға материалдық көмек жасайтындар көп. Бірақ балаға қарайтындар қаншама мейірімді болғанымен бәріне бірдей керек кезінде махаббат бөле алмайтыны үшін жаным ауырады", - деп жазды Байырбекова Instagram парақшасында.
Әнші адамға, балаға ең алдымен мейірім мен көңіл бөлу, қара нан мен қара су қажет екенін айтты.
"Мен жеке басымның, отбасымның мәселесімен үкіметтен бір нәрсе сұрамадым. Бірақ мемлекет басшыларынан балалар үйі мен қарттар үйін біріктіруді сұрағым келеді. Қарттар үйі мен балалар үйін біріктірсе біраз жүрек мейірімге толар еді", - деп жазды ол.
Бұған дейін Жазира Байырбекова базарда аяқ киім сатқанын, күйеуі Жанболат Ербатыровпен бірге жеміс-жидек кәсібімен айналысқаны туралы айтқан болатын.
Айта кетейік, әнші жұп Жанболат Ербатыров пен Жазира Байырбекованың бір ұл, бір қызы бар.