НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдады, деп хабарлады Ақорда сайты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарыстан кейінгі кезеңде Қазақстанның Қытай Халық Республикасымен көпжақты стратегиялық серіктестігін одан әрі дамытуға қатысты нақты ұстанымын жеткізді.
"Қазақстан мен ҚХР арасындағы өзара ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестік әртүрлі саяси тенденцияларға емес, берік негізге құрылған. Қазақстан мен Қытай – жақын көрші, сенімді дос және стратегиялық әріптес. Бұл ынтымақтастық Қазақстанның ұлттық мүддесіне сай келеді. Елдеріміздің арасындағы барлық мәселе сындарлы әрі сенімді диалог арқылы шешіледі", – деді мемлекет басшысы.
ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге ыстық сәлемін жолдаған Қазақстан президенті қытай басшысын өзіне ыңғайлы уақытта елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың COVID-19 пандемиясы басталғаннан бергі бір-біріне көрсеткен өзара көмегін жоғары бағалады. Кездесуде Қазақстанның қытайдан вакцина алуды жоспарлап отырғаны, ресейлік "Спутник V" екпесімен және отандық "QazVac" вакцинасын қолдану арқылы үкіметтің халыққа жаппай екпе салу жұмысы екпінді түрде іске асатыны айтылды.
Мемлекет басшысы қытай халқын елдегі кедейлікті түп тамырымен жою жөніндегі тарихи міндетті орындауымен, коронавирус індетімен күрестегі жеңісімен және экономиканы қайта қалпына келтірудегі үлкен жетістігімен құттықтады.
Президент Қазақстанның жоғары деңгейдегі саяси байланыстарды нығайтуға, экономикалық қарым-қатынастарды кеңейтуге әзір екенін растады. ҚХР – Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда серіктесі. 2020 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 15 миллиард долларды құрады.
Екіжақты сауда және инвестициялық байланыстарды орнықты және теңгерімді даму деңгейіне шығару үшін Мемлекет басшысы Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобиль және теміржол өткізу пункттерінің жұмысын қалыпты режимге қайтаруға, пандемиядан кейінгі кезеңде олардың өткізу қабілетін арттыруға қатысты ұсыныстар айтты. Президент азаматтар мен жүк тасымалдайтын тұрақты әуе рейстерін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік бар деп санайды. Цифрландыру, жасыл экономика, инновация секілді салалар бойынша айтарлықтай жетістікке жеткен Қытай тарапымен ынтымақтастықты дамыту үшін екіжақты күш-жігерді жұмылдыру аса маңызды.
Мемлекет басшысы халықаралық деңгейдегі басты мәселелер бойынша Қазақстан мен Қытайдың ұстанымдары сәйкес келетінін айтты. Президент Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесін қолдағаны үшін қытай тарапына ризашылығын білдіріп, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде және "Орталық Азия + Қытай" ынтымақтастық форматында да одан әрі бірлесіп жұмыс істеуге Қазақстанның дайын екенін жеткізді.