Қоғам

Қазақстандықтар қытайлық вакцинаны салдыра алады

Енді қазақстандықтар отандық QazVac, ресейлік "Спутник V" және қытайлық Sinopharm арасында таңдау жасай алады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Қазақстанда 500 мың адам қытайлық Sinopharm вакцинасын салдыра алады.

"Самұрық-Қазына"АҚ Covid-19-ға қарсы бір миллион вакцина дозасын сатып алуға қаржы бөлді. Денсаулық сақтау министрлігі "СК-Фармация" ЖШС бірыңғай операторымен бірлесіп, Қытайдың вакцинасын сатып алуға шешім қабылдады.

"Sinopharm вакцинасының бір миллион дозасы (екі компонентті) сатып алынды: бір доза – 31.1 доллар = 31 100 000 миллион доллар (13 миллиард теңгеден астам). Сәуірдің соңына дейін 400 мың доза, мамырда 600 мың доза жеткізіледі", - деп мәлімдеді "СК-Фармация" баспасөз қызметіндегілер.

Вакцинаның толық атауы –  Hayat-Vax "Sinopharm" (сауда атауы: Hayat-Vax), өндіруші – Gulf Pharmaceutical Industries Julphar, БАӘ.

Әр құтыға 2 миллилитр инактивтелген вакцина құйылған (бір доза - 0,5 миллилитр).

Денсаулық сақтау министрлігі қытайлық вакцинаны өңірлерге бөлу жұмыстарын бастап кетті.

Тағы оқыңыз: Министр Цой отандық вакцина ағзасына қалай әсер еткенін айтты

Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров Sputnik Қазақстанға 30 сәуірде өңірге 22 мың доза (11 мың адамға жетеді) түсетінін мәлімдеді.

Еске салсақ, өткен сенбіде "Самұрық-Қазына" қоры COVID-19-ға қарсы бір миллион вакцина дозасын сатып алу қаржыландырылғанын мәлімдеді. Бұл 500 мың адамды вакциналауға мүмкіндік береді. Вакцинаны өндіруші және дайындаушы елді Денсаулық сақтау министрлігі "СК-Фармация" операторымен бірлесіп таңдады.

Қытайлық Sinopharm вакцинасы сынақ барысында 79,34% тиімділік көрсетті, БАӘ Sinopharm вакцинасын пайдалануды ресми түрде мақұлдаған алғашқы ел атанды.

Осылайша қазақстандықтар үш вакцина – қазақстандық QazVac, ресейлік "Спутник V" және қытайлық Sinopharm арасында таңдау жасай алады.