НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Нұр-Сұлтанда 25 жастағы қыз ZL-30 маркалы фронтал тиегішті айдап кетті, деп хабарлады елорданың полиция департаменті.
Полицейлер түнде жүргізуші таныс қызын үйіне шақырғанын анықтады. Дастарқан басында ол ішімдік ішіп, мас болып қалған. Қонақ ер адамның ұйықтағанын күтіп, кілтті алып, жүк тиегішті айдап әкеткен.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда түн ортасында ұрлық жасауға шыққан достар жұртқа күлкі болды – видео
Полиция бақылау камералары түсірген видеоны көрсетті. Қыз түнде қалада қатты жылдамдықпен жүріп, жолдарда қауіпті маневрлер жасаған.
Сонымен қатар, ол Брусиловский көшесінде жол апатын жасап, Mercedes автокөлігіне зақым келтірген. Қыздың түнгі саяхатын патрульдік полицейлер тоқтатты.
Құқық қорғау органдары қыздың көлік құралын жүргізуге рұқсат беретін куәлігі жоқ екенін атап өтті.
Ұсталған 25 жастағы қыз полиция бөліміне жеткізілді. Ол арнайы техникамен қыдырғысы келгендіктен осындай қадамға барғанын айтты. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.