Қоғам

Мамин жалақыны көтеру жоспары туралы айтты

Үкімет басшысы биыл жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 1,2 миллион адам қамтылатынын атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Қазақстанда нақты жалақының мөлшері 221 мың теңгеге дейін өседі. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ол биыл жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 1,2 миллион адам қамтылатынын атап өтті.

"Нақты жалақының мөлшері 10 пайызға, яғни 221 мың теңгеге дейін артады деп жоспарланып отыр. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан аспайды", деді Мамин үкімет отырысында.

Айтуынша, Павлодар, Қарағанды және Атырау облыстарында тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмыс қарқыны жақсы. Осы ретте премьер өзге өңірлерге де осы жұмысты белсенді жалғастыруды тапсырды. Ол үшін барлық құралдар мен қажетті ресурстар бар, деді үкімет басшысы.

"Бастау бизнес" жобасы тиімділігін көрсетті. Биыл 30 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып отыр. "Атамекен" палатасы еңбек министрлігімен бірлесіп, білім алушылардың санын көбейтсін", деді Мамин.

Оқи отырыңыз: Үкімет басшысы мен денсаулық сақтау министрі Тоқаевқа есеп берді

Премьер-министр "Еңбек" ұлттық жобасы экономика салаларын сапалы бәсекеге қабілетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз етуге тиіс деп санайды.

Осыған байланысты ол еңбек министрлігіне 1 маусымға дейін 2021-2025 жылдарға арналған "Еңбек" ұлттық жобасын үкіметке енгізуді тапсырды.

Ұлттық экономика, еңбек министрліктері мен әкімдіктер 1 шілдеге дейін жұмыспен қамтудың өңірлік карталарын әзірлеуге тиіс. Мамин жұмыспен қамтудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізуге және тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару қажет екенін айтты.

Сондай-ақ құзырлы органдар мен әкімдіктерге "Еңбек" жобасының іс-шараларын қаржыландыруды қамтамасыз ету міндеті жүктелді.