Қоғам

Әли Оқапов пен Диас Аблаевтың тойда жүрген видеосы тарады - тексеріс басталды

Тексеріс нәтижесі бойынша іс-шараны ұйымдастырушы мен жеке тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар қабылданады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір – Sputnik. Алматыда танымал әртістер мен блогерлердің қатысуымен өткен тойдың видеосы тексеріліп жатыр. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігерінің орынбасары Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді.

Instagram-да жарияланған видеода танымал әнші мен блогерлер Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиеваның ұлы – әнші Диас Аблаевты туған күнімен құттықтап жатыр.

Шараға қатысқандар арасында Әли Оқапов, әнші Индира Еділбаева, актриса Гүлназ Жоланова мен блогерлер бар.

Осыған байланысты Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті түсініктеме берді.

"Тойдың видеосы дәлелді материалды жинау және зерттеу үшін мониторинг тобына жіберілді. Соның негізінде іс-шараны ұйымдастырушы мен жеке тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар қабылданады", - деді Сәдуақас Байғабылов.

Карантинді бұзғаны үшін мекеме иесіне 230 айлық есептік көрсеткіш (670 910 теңге), жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш (87 510 теңге) түрінде айыппұл салынуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: "Маған айыппұл салыңыз": Рамазан айында депутаттардың басы дауға қалды

Айта кетейік, бұған дейін желіде Роза Рымбаева, Сәкен Майғазиев және Айдана Меденованың қатысуымен өткен тойдың видеосы тарады. Майғазиевтің сәуір болмай, тәуір болмас деген сөзі бар видео тексерілді. Кейінірек денсаулық сақтау министрі Алексей Цой видеоның 2021 жылы түсірілмегенін айтты.