Өңірлер

Алматыда Mercedes-ті ондаған полиция көлігі қуды – видео

Ұсталған жүргізуші қашамын деп бірнеше жол қозғалысы ережесін бұзған, оған бірден 15 әкімшілік хаттама толтырылды
Sputnik

АЛМАТЫ, 25 сәуір – Sputnik. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ондаған полиция экипажын түсірген куәгерлердің видеороликтері таралып жатыр.  

"Таңертең Алматыда 20-30 патруль көлігі қашқын жүргізушіні қуды", - делінген жазбада.

Видеодан патрульдік полиция қызметкерлерінен бөлек, автомат ұстаған қара киімді адамды байқауға болады.

Оқиғаға қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. 25 сәуірде таңертең Әл-Фараби даңғылы мен Мұстафин көшесінің қиылысында Mercedes жүргізушісі апатты жағдай тудырған.

"Ол жоғары жылдамдықпен келіп, жаяу жүргіншіге арналған жолда қауіпті маневр жасап, апатты жағдай тудырды. Жүргізуші патрульдік полиция қызметкерлерінің тоқта деген талабына бағынбады. Керісінше қашып кетуге асықты", - дейді ведомство.

Рөлде 29 жастағы ер адам болған, ол 2020 жылы қыркүйекте ішімдік ішкені үшін жүргізуші куәлігінен айырылған болып шықты.  

"Бұл жолы дәрігерлер оның есірткіге масайғанын анықтады", - дейді полиция.

Ұсталған жүргізуші уақытша ұстау абақтысына қамалды. Полиция қызметкерлеріне бағынбағаны, бағдаршамның қызыл түсіне жүргені, апатты жағдай тудырғаны, маневр жасау ережесін бұзғаны және қуғындау кезінде басқа да ережелерді бұзғаны үшін оған қатысты 15 әкімшілік хаттама жасалды.

Ұсталған адамға қатысты Қылмыстық кодекстің көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның алкогольге немесе есірткіге масайған күйде көлік басқаруы туралы бабы бойынша тергеу басталды.