НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Коронавирусқа қарсы антидененің қажетті деңгейіне қол жеткізу үшін вакциналау курсын бір препаратпен аяқтау қажет. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, профессор Ләззат Ералиева айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Антиденелердің қажетті деңгейі түзілуі үшін вакциналауды бір вакцинамен аяқтау қажет. Өйткені QazVac пен Спутник V мүлде екі түрлі, дайындалу әдісі өзгеше. Егер бір вакцинадан екіншісіне жүгіріп, вакциналау курсын біреуімен аяқтамасақ, онда ешқандай пайда болмайды", - деді Ерғалиева баспасөз мәслихатында.
Қазақстанда бірінші ақпанда халықты вакциналау науқаны басталды.
23 сәуірдегі жағдай бойынша "Спутник V" вакцинасының бірінші компоненті 823 498 адамға егілген, екінші компоненті 132 603 адамға салынды.
Оқи отырыңыз: Тоқаев отандық вакцина өңірлерге жеткізіле бастағанын хабарлады
Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалы директорының орынбасары Манар Смағұлдың айтуынша, бірінші компонентті салдырғандар арасында созылмалы аурулармен ауыратын 32 314 адам бар. Соның ішінде 8 397 адам вакциналау курсын толығымен аяқтады.
26 сәуірде республика халқына отандық QazVac вакцинасы егіле бастайды. Қазір препараттың алғашқы 50 мың дозасы өңірлерге жеткізілуде.