Қоғам

Қонақ үй, дәмхана, базар: Арыстанбек Мұхамедиұлы қалай байығанын ашық айтты – видео

2000 жылы алғаш рет астанаға көшіп келгенде "Якутские бриллианты" деген дүкен аштық. Гауһар тасты қайынағам арқылы Якутиядан алдырдық, дейді экс-министр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір — Sputnik. Ұлттық музейдің директоры,  экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы желіде тараған видеодағы ақпаратқа қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, жұбайының атында The Family деген дәмхана бар. Өткен жылы Қазақ энциклопедиясын (ғимаратын) сатып алған. Ол да әйелінің атында көрінеді.

"Екі ұлымның атына "Alem Education System" білім орталығы тіркелген. Шетелде оқытатын орталықтар ғой. Қазір біз колледжді де алдық. Колледждің негізгі бағыты – туризм, аударма ісі, мейрамхана бизнесі, ұлттық тағамдар, аспаздық өнері. Туризм саласын өзім біраз уақыт басқарғасын білемін, бізде сервис жоқ. Бұл да инновация. Мен ойлап-ойлап, қазір қонақ үй мен колледжді біріктіріп жатырмын. Неге десеңіз, колледжді бітіргеннен кейін практикаға барады", - деді Мұхамедиұлы Qasqa Jol Youtube-арнасына берген сұхбатында.

Осы орайда экс-министр "Дипломат" қонақ үйінің 71 проценті енесінің атында екенін атап өтті. Өткен жылы сатып алыпты.

"Бүкіл декларация бар. Негізі мен жастайымнан еңбекқормын. Біз 2000 жылы алғаш рет астанаға көшіп келгенде "Якутские бриллианты" деген дүкен аштық. Үлкен қайынағам Якутияда тұратын. Сол гауһар тасты салып жібереді. Ол кезде Intercontinental деген қонақ үй болған. Соның ішінен жалға орын алып бастағанбыз. Шүкір, ары қарай да ұсыныстар болды. Сосын газ компаниясы бізге ұсыныс білдірді", - деп толықтырды Мұхамедиұлы.

Музей директоры өз дүниесін оффшорға шығарманын да ерекше атап өтті. Соңғы бір жарым жылдың ішінде оны жан-жақты тексерген. Экс-министрдің айтуынша, қазақ-швейцар-американ Халықаралық колледжі жұбайының атында,  "AiDimZhan Co" компаниясы үш баласы – Айжан, Димаш пен Жандостың есімдерінен тұрады.  "Шапағат" базарының 45 проценті Айжанға тиесілі. 

"Жақын араласып жүрген азаматтардан ұсыныс түсті. Бизнес емес, бір-бірімізге жақын болайық деген ырыммен алынған дүние ғой. Айжан қызымды биыл тұрмысқа беріп жатырмыз, "Шапағат" сыйлықтың бір түрі дегендей ғой", - деді Мұхамедиұлы.

Экс-министр тұратын коттедждің ауданы – 540 шаршы метр. Осы орайда Мұхамедиұлы желіде тараған видеодағы Көктөбедегі коттедж бен ипподромға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ал "Неге бәріне Арыстанбек Мұхамедиұлының өмірі қызықты?" деген сұраққа: "Егер өмірде бейшара болып жүрсең, ешкімге керек емес болып жүре бересің. "Ой, мынау бейшара, тиіспеңдерші, жүре берсін" дейді де, қоя салады. Ал кітап жазып жатсаң, сосын Нью-Йорк кино академиясын ашамын десең, бәрі шулайды", - деп жауап берді. 

Мұхамедиұлының желіде тараған видеоға қатысты сөзі 51:00 минутта басталады.