Оқиға

Полиция көпірден секірмек болған әйелді құтқарған сәттің видеосын жариялады

Қоршауының арғы бетіне шыққан әйелді көрген қос полицей көпірдің екі шетінен көтеріліп, қайғылы жағдайдың алдын алды
Sputnik

АЛМАТЫ, 23 сәуір – Sputnik. Алматыда 43 жастағы әйел жаяу жүргіншілер көпірінен секірмек болды. Полиция суицидтің алдын алды, деп хабарлады Polisia.kz.

Оқиға сағат 11:30 шамасында Әл-Фараби даңғылы мен Қожанов көшесінің қиылысында орналасқан жаяу жүргіншілер көпірінде болған. Әйел көпір қоршауына шығып, төменге секірмек болған. 

Патрульдік полиция қызметкерлері сол маңнан өтіп бара жатқан. Әйелдің қоршаудың арғы бетіне шыққанын көрген олар дереу көлігін тоқтатып, көпірдің екі шетінен көтеріледі.

Видеодан қос полицейдің әйелді екі жағынан ұстап, көпір үстіне шығарғаны анық көрінеді.

"Әйел қатты жылады, тіпті мас сияқты болып көрінді. Оның жағдайын ескере отырып, артық сұрақтармен мазалаған жоқпыз", – дейді Алматы қаласы жергілікті полиция қызметі мамандандырылған батальонның аға инспекторы Ернұр Тілектес.

Полиция әйелді мән-жайды түсіндіруі үшін оны Бостандық ауданының полиция басқармасына жеткізген.