Өңірлер

Тоқаев Атырау облысындағы арнайы экономикалық аймақтың жұмысын сынға алды

Президент осы саладағы олқылықтарды тез реттеп, үкімет пен "Самұрық-Қазына" қорына жұмысты жеделдетуді тапсырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорда.

Онлайн форматта өткен кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасын дамытуда Атырау облысының орны ерекше екенін, мемлекетіміздің алғашқы ірі инвестициялық жобалары осында жүзеге асырылғанын, ол жобалар еліміздің экономикалық және энергетикалық қауіпсіздігі үшін берік негіз қалағанын айтты.

Сондай-ақ, мұнайлы өңірдің тыныс-тіршілігін, тұрғындардың әл-ауқатын әрдайым жіті назарда ұстайтынын атап өткен мемлекет басшысы облыста түйіні шешілмеген мәселелердің де бар екенін еске салды. Мысалы былтыр аймақта өнеркәсіп өндірісі мен тұрғын үй құрылысының көлемі, шағын және орта бизнес өндіретін өнім мөлшері азайып кеткен.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы аймақтағы "Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағының жұмысына қатысты біраз мәселеге назар аударды.

"Арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымдық құрылысы аяқталмаған. 2015 жылы аталған нысанды дамытуға 162 миллиард теңге бөлінген. Бірақ осыған дейін бір ғана жоба іске асқан. Полипропилен және полиэтилен өндірісі бойынша ірі жобалар әлі жүзеге аспаған. Өйткені қажетті инвестор мен өнімді сататын нарық табылмаған", – деді Тоқаев.

Президент осы олқылықтарды тез реттеп, үкімет пен "Самұрық-Қазына" қорына жұмысты жеделдетуді тапсырды.

"Үкімет өңір әкімдігімен бірлесіп, ірі мұнай-газ жобаларын уақтылы жүзеге асыруды бақылауға алуы тиіс. Болашақта кеңею жобасын дер кезінде аяқтау маңызды. Сондай-ақ, Қашаған кен орнын толық игеру керек. Сол арқылы бір жылда өндірілетін мұнай көлемін 15 миллион тоннаға арттыруға болады. Нәтижесінде жұмыс орындары ашылып, отандық қызмет көрсету компаниялары мен шағын және орта бизнес өкілдері үшін мол мүмкіндіктер туады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, "Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағы 2007 жылы құрылған және 2032 жылдың 31 желтоқсанына әрекет етеді. Мұнда АЭА жобаларын электрмен және жоғары қысымды бумен қамтамасыз ету мақсатында қуаты 310 МВт газ турбиналық электр станциясы 2019 жылы іске қосылды.

Оқи отырыңыз: Тоқаев елордада жаппай вакцина салуды ұйымдастыруды тапсырды

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен премьер-министр орынбасары Роман Скляр, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндама жасаған кеңесте талқыланған мәселелерді толығырақ мына сілтемеден оқи аласыз.