Қоғам

Қазақстан шет елдерден 2 341 адамды іздестіріп жатыр

Бүгінде Қазақстан 20 мемлекетпен ұстап беру туралы шарт жасады. Ал болашақта Малайзия, Доминикан, Перу, Аргентинамен осындай шарттарға қол қойылмақ
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір – Sputnik. Қазақстанның құқық қорғау органдары әртүрлі қылмыс жасаған 2 341 адамды іздестіріп жатыр. Бұл туралы сенаттың жалпы отырысында айтылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша еліміздің құқық қорғау органдары 2 341 адамды іздестіруде. Оның ішінде мемлекетаралық іздестіруде – 750, халықаралық іздестіруде – 1 591 адам", – деді сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасын талқылау барысында.

Жалпы 2016 жыл мен 2021 жылдың 1 тоқсаны аралығында Қазақстан іздеуде жүрген 518 адамды басқа елдерге берді. Ал Қазақстанға 346 адам қайтарылды.

Бас прокурордың бірінші орынбасары Берік Асыловтың айтуынша, Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шарттың негізгі мақсаты – іздеуде жүрген адамдарды қылмыстық жауапқа тарту үшін экстрадициялау мәселесін реттеу.

Шартта ұстап берудің келесі негіздері көзделген:

  • екі елдің де заңына сәйкес әрекет қылмыс болып саналуы тиіс;
  • қылмыстық жауапқа тартылатын адам кемінде 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алуы қажет;
  • сот үкімін орындау үшін іздеудегі адамның өтелмеген жаза мерзімі кемінде 6 ай болуы керек.

Ол қандай жағдайда адам ұстап берілмейтінін де түсіндірді:

  • егер сұратушы тараптың заңнамасы бойынша қылмыс үшін өлім жазасы көзделсе;
  • іздеудегі адам ақталса немесе оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылса;
  • ескіру мерзімі өтіп кетсе;
  • іздеудегі адам сол елдің азаматы болса;
  • сұратылған адам әскери қылмыс жасаған болса.

"Қазіргі уақытта Солтүстік Македония мен Қазақстанда жасырынып жүрген адамдар жоқ", – деді Асылов.

Айтуынша, бүгінде Қазақстан 20 мемлекетпен ұстап беру туралы шарт жасады. Болашақта Малайзия, Доминикан, Перу, Аргентинамен осындай шарттарға қол қойылмақ.

Оқи отырыңыз: Астана LRT-ның бұрынғы басшысына халықаралық іздеу жарияланды

Парламент аталған шартты бірауыздан ратификациялады.