Оқиға

Сатушыны құдай сақтап қалды: Павлодарда көлік дүңгіршекті соғып кетті – видео

Автокөлік дүңгіршекке соғылды. Зардап шеккендер жоқ. Жол апаты сатушы түскі асқа кеткен кезде болған
Sputnik

ПАВЛОДАР, 22 сәуір – Sputnik. Павлодарда Toyota Mark II автокөлігі газет дүңгіршегіне соғылды – оқиға орнында түсірілген видеоны @tipavlo паблигі жариялады.

Кадрдан қатты соққыдан дүңгіршектің есігі сынып, терезесі шағылғанын көруге болады.

"Көрер жарығы бар екен: дүңгіршек сатушысы түскі асқа кеткен кезде болған", - деп желі қолданушыларының бірі видеоға пікір қалдырған.

"22 сәуірде сағат 13.00-де Павлодарда Камзин көшесімен келе жатқан Toyota көлігінің дөңгелегі жарылып кеткен. Салдарынан жүргізуші рөлге ие бола алмай, дүңгіршекті соққан. Сараптама қорытындысы бойынша жүргізуші ішімдік ішпеген", - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 610-бабы бойынша жүргізуші жауапқа тартылды. Бұл бап 20 айлық есептік көрсеткіш (58 340 теңге немесе 135 доллар) мөлшерінде айыппұл салуды немесе алты айға дейін көлік жүргізу құқығынан айыруды қарастырады.