Қоғам

Қарағандыда әскери ұшақтың апатқа ұшырауына не себеп болды – алдын ала мәлімет

Ұшқыштар әуе көлігіне зақым келтірмей, аэродромға қонуға тырысып, жерге барынша жақын биіктікте катапульталанған  
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір — Sputnik. Қазақстан қорғаныс министрлігінің Су-30СМ жойғыш ұшағы құстың кесірінен апатқа ұшыраған болуы мүмкін. Төтенше жағдай орнында бірнеше өлі құс табылды.

Қарағанды облысында Су-30СМ ұшағының апатқа ұшырау себебін анықтау үшін арнайы құрылған комиссия барлық нұсқаны қарастырып жатыр. Соның бірі – әскери ұшақтың бір топ құспен соқтығысуы, деп хабарлады "Экспресс-К" басылымына Қазақстан әуе қорғанысы күштерінің баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Қарағанды облысының аумағында әскери ұшақ құлады

Айта кетерлігі, мұндай жағдай ұшақ әуеге көтерілгенде және қону кезінде жиі болады. Азаматтық ұшақтарға қарағанда жойғыш ұшақтың жылдамдығы әлдеқайда жоғары. Сондықтан құстың қозғалтқышқа кіріп кетуінің салдары ауыр болады, деп түсіндірді ведомство.

"Ұшақтан апатты жағдайда шығу жүйесін ұшқыштар шағын биіктікте пайдаланған. Олар мейлінше машинаны бүтін сақтап, аэродромға жеткізуге тырысқан. Себебі оларды мұнда әскери бөлімнің арнайы құтқару бөлімшелері күтіп тұрды", - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар екі ұшқыштың да 2-класс дәрежесі бар және біліктілік тәжірибесі жоғары екені айтылды. Олар Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтын тәмамдаған. Екі ұшқыштың да ұшу уақыты шамамен 1 500 сағатты құрайды.

Су-30СМ ұшағының апаты

2021 жылдың 16 сәуірінде Балқаш қаласының авиациялық оқу орталығында Қазақстан қорғаныс министрлігінің Су-30СМ көпфункциялы жойғыш ұшағы қону кезінде апатқа ұшырады. Ұшақ экипажы катапульталанды.

Кейіннен ведомство хабарлағандай, ұшқыштардың бірі ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер оның омыртқасы сынғанын анықтады. Ұшқыштың жағдайы қанағаттанарлық.

Су-30СМ ұшағы жайлы не білеміз

Су-30 ұшағы екі орынды көпмақсатты төртінші буынды әскери ұшақ санатына жатады. Ол күндіз-түні, кез келген ауа райында ұша алады және қарсыластың ұшақтары мен жердегі нысандардың көзін жойып қана қоймай, әуеден барлау жүргізіп, басқа ұшақтар үшін нысандарға нұсқау жүргізе алады. Ол ұзақ қашықтыққа ұшады және әуеде қосымша жанармай құю мүмкіндігі қарастырылған.