Қоғам

Азаматтар құқының бұзылуы 33 процентке төмендеді – бас прокурор

Бас прокурордың айтуынша, жыл басынан бері 22 мың кәсіпкердің құқығы қорғалып, 357 заңсыз тексеру мен мемлекеттік органдардың 56 актісі жойылған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады, деп хабарлай Ақорда.

Президентке еліміздегі заңдылық пен құқық қорғау саласының ахуалы, прокуратура органдарының бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарының қорытындылары туралы баяндалды.

Сондай-ақ, қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшудің бірінші кезеңін іске асыру нәтижелері туралы ақпарат берілді.

Ғизат Нұрдәулетовтің айтуынша, сотқа дейінгі тергеу органдары прокурорлармен негізгі шешімдерін келісудің арқасында азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу 33 процентке төмендеген.

"Мемлекет басшысына кәсіпкерлерді мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау, прокурорлық қадағалауды бизнестің проблемаларын тиімді шешуге қайта бағдарлау бойынша берілген тапсырмаларды орындау жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды", – делінген хабарламада.

Бас прокурордың сөзінше, жыл басынан бері 22 мың кәсіпкердің құқығы қорғалған. Сонымен қатар, 357 заңсыз тексеру мен мемлекеттік органдардың 56 актісі жойылған.

Оқи отырыңыз: Бас прокурор: халықтың жанына бататыны - тергеу мен сот үкімі

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның барлық саласында заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, Ғизат Нұрдәулетовке бірқатар тапсырма берді.