Қоғам

Терезені таяқпен сындырды – Алматы полициясы желіде тараған видеоға түсініктеме берді

Пранк ретінде түсірілген видео авторлары кешірім сұрағанымен, полицейлер олардың жазадан құтылмайтынын айтады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір – Sputnik. Алматы қаласында Gelandewagen тізгіндеген жігіт өзіне жол бермеген көліктің алдыңғы терезесін таяқпен ұрып сындырған. Қалалық полиция департаменті жалған видео түсіргендерді анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Видеода екі көліктің жарысып келе жатқанын көруге болады. Одан кейін екі жүргізуші сөзге келіп қалады да, Gelandewagen мінген ер адам қапталындағы көліктің жолын кесіп, тоқтайды. Кенет, таяқ ұстап шыққан ол алдымен видео авторы отырған көліктің есігін ашуға тырысады. Кейіннен алдыңғы терезені ұрып сындырады. 

Алматы қалалық полиция департаменті видеоны пранк ретінде түсірілгенін анықтады. Ал екі жігіт оны өзара келісіп түсірген. Кешірім де сұрады. 

"Ағамыз алдыңғы терезенің жарылғанын айтқан. Содан біз тосын сый жасаймыз деп, осындай видео түсірдік. Достарға да көрсеттік. Олар жан-жаққа таратып жіберді. Енді, ондай қайталанбайды. Кешірім сұраймыз, балағат сөздер үшін де кешірім сұраймыз. Өзіміз де былай болатынын білмедік", – дейді олар. 

Полицейлердің айтуынша, видеоға түскен екі жігіт жазадан құтылмайды.

"Жетісу аудандық полиция басқармасы оларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 434-бабы ("ұсақ бұзақылық") бойынша хаттама толтырды", – дейді қалалық полицияның ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Оқи отырыңыз: Көлікті қарсы алдынан соғып тоқтатты: қостанайлық полицейлердің видеосы тарады

Айта кетейік, осы бап бойынша 5 айлық есептiк көрсеткiш (14 585 теңге) мөлшерiнде айыппұл салу немесе 10 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу жазасы қарастырылған.