Экономика

Үкімет биыл теңге бағамы бір доллар үшін қанша болатынын болжады

Мамин 2021 жылы ұлттық валюта бағамы бір доллар үшін 425 теңге деңгейінде тұрақтайды деп болжанып отырғанын атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 сәуір – Sputnik. Қазақстан үкіметі әлеуметтік-экономикалық дамудың 2021 жылға арналған болжамының көрсеткіштері мен индикаторларын қайта қарады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"2021 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі – 3,1%, мұнай бағасы – бір баррель үшін 50 доллар,  ұлттық валюта бағамы бір доллар үшін 425 теңге деңгейінде болжанып отыр", - деді Мамин үкімет отырысында.

Айтуынша, 2021 жылға арналған нақтыланған бюджет шығыстары негізінен "Nur Otan" партиясының бағдарламасы мен президенттің 2020 жылы 1 қыркүйектегі жолдауын іске асыруды қамтамасыз етеді. 

Сонымен қатар бұл шығыстар пандемиямен күрес шараларын қаржыландыруға және денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға, сондай-ақ экономиканың нақты секторын ынталандыруға бағытталған.

Ұлттық банктің болжамы бойынша, 2021 жылы экспорт 10,8 миллиард долларға, яғни 52,2 миллиард долларға дейін ұлғаяды. Импорт 37,1 миллиард долларды құрайды. Инфляция бұрын бекітілген 4,0-6,0 пайыз дәлізде сақталды.

Оқи отырыңыз: Доллардың қымбаттауы халық күнкөрісіне қалай әсер етеді - сарапшылар пікір білдірді  

Үкімет ұсынылған әлеуметтік-экономикалық дамудың нақтыланған болжамын мақұлдап, бюджетті нақтылау бойынша тиісті заң жобасына және тиісті жарлық жобасын қолдап дауыс берді.

Мамин қаржы министрлігіне нақтыланған республикалық бюджет туралы заң жобасын және әлеуметтік-экономикалық даму болжамын парламентке енгізуді тапсырды.