Оқиға

Нұр-Сұлтанда ер адам көпірден секірген қызды құтқарып қалды – видео

Құтқарушылар келгенге дейін өзен жағасына шығарылған 16 жасар қыздың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ
Sputnik

АЛМАТЫ, 20 сәуір – Sputnik. Нұр-Сұлтанда өзенге секірген жасөспірімді сол маңнан өтіп бара жатқан ер адам құтқарып қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан жергілікті полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оқиға Еуразия ұлттық университеті аумағындағы "Қазақстан" спорт кешені жанында болды. Полицияға жас қыздың өзенге секіргені туралы хабар 11:16-да түскен.

Сол маңда жүрген астаналық 38 жастағы Денис Синдеев адамдардың шулап жатқан дауысын естіген.

"Жақын жерде тұрғанмын. Бір уақытта бір адамның суға секіріп кеткенін айтып шулап жатқанын естідім. Жүгіріп келіп қарағанымда судағы қызды көрдім. Сырт киімімді шешіп, ойланбастан өзенге секірдім", – деді Денис.

Ол қызға дейін жүзіп барып, оны жағаға алып шыққан. Осылайша ол құтқарушылар келгенге дейін 16 жасар қызды құтқарды. Артынша дәрігерлер келіп қызға көмек көрсетті. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Оқиғаның мән-жайын Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері анықтап жатыр.

Оқи отырыңыз: Полицейлердің ағысы қатты өзенге құлаған баланы құтқарған сәті видеоға түсіп қалды

Елорда полициясының басшысы, генерал-майор Ержан Сәденов Денис Синдеевке ерлік әрекеті үшін алғыс айтып, алғыс хат пен бағалы сыйлық табыстады.