НҰР-СҰЛТАН, 20 сәуір – Sputnik. Үкімет басшысы Асқар Мамин өңірлерге ай сайын 2 миллион адамды вакциналау жоспарын нақты орындауды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Халықты, әсіресе қамтылуы төмен өңірлерде вакцинациялаумен қамтуды кеңейту қажет. Сәуір айының соңына дейін және ай сайын 2 миллион адамды вакцинамен қамтамасыз ету жөніндегі жоспарды нақты орындау керек", - деді премьер-министр үкімет отырысында.
Айтуынша, сегіз өңір "қызыл аймақта" тұр. Вирустың репродуктивтілік индексі – 1,06. Ауруханалардағы орындардың жүктелуі – 41%, реанимациялық бөлімдердегі орындар – 27%.
Мамин денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге сапалы медициналық көмек көрсетуді, медицина ұйымдарының қажетті дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуін үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.
Оқи отырыңыз: Мамин президентке ай сайын 2 миллион адамға вакцина салынатынын айтты
Сонымен қатар әкімдерге мобильді мониторингтік топтарды тарта отырып, тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауын қамтамасыз ету міндетін жүктеді.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, үш өңір – Нұр-Сұлтан, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында вакциналау кестеден кешеуілдеп жатыр.