НҰР-СҰЛТАН, 19 сәуір – Sputnik. Нұр-Сұлтанда ішімдікке масайып, үй ауласындағы автокөліктердің үстіне секірген бұзақылар полицияға жеткізілді, деп хабарлайды қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Видео әлеуметтік желіде тарады. Анықталғандай, жігіттер ішімдік ішкеннен кейін, түнгі 03:30-да көшеге шыққан.
Жартылай жалаңаш жастар Петров көшесіндегі үйдің ауласында жекпе-жек ұйымдастырған. Кейін олардың бірі тұрақтағы автокөліктің капотына секіреді, одан кейін қасында тұрған көліктердің төбесіне шығады.
Бұзақылар анықталып, полицияға жеткізілді.
"Олар ұсақ бұзақылық, қоғамдық орында мас күйде жүргені және түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Келтірілген шығынды қайтару үшін автокөлік иелері анықталып жатыр", - деді Алматы ауданы полиция басқармасының басшысы Дастан Қалиев.