Оқиға

Жалақысын талап етіп, таяқ жеді: Павлодарда болған оқиғаны басқарма өкілдері түсіндірді

Қапанов оқиға автокөлік жуу аумағында өрбіген болса, онда бұл істі өндірістік жарақат ретінде тіркеу қажеттігін алға тартады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 сәуір – Sputnik. Жалақысын сұрап барып, соққының астында қалған павлодарлық әйел Instagram желісінде суретін жариялап, қоғамнан араша сұраған болатын. Қазіргі кезде бұл іспен жергілікті полицейлер айналысып жатыр, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Павлодар облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы әлеуметтік желіде тараған жарияланымды назарға алып, түсініктеме берді.

Ал бұған дейін желідегі pavlo.detka парақшасында денесінің бірнеше жері көгеріп, жарақаттанған әйел қаладағы көлік жуу орындарының бірінде болған заңсыздыққа шағымданған еді. Ол өзінің қызметтен кететінін айтып, жалақысын сұрай барғанда жұмыс беруші өзін соққыға жыққанын мәлімдеген.

Алайда, облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы, бұл мәселеге қатысты әлі ресми шағым түспегенін атап өтті.

"Бізге мұндай шағым түспегенімен, көлік жуу орталығына қатысты шешім қабылдауға ықпал ете аламыз. "Шағын және орта бизнес" санатын тексеруге мораторий жарияланғаны белгілі. Солай десек те, біз сотқа жүгіну арқылы жәбірленушінің жалақысын алуына көмектесеміз", – дейді басқарма басшысы Асқар Қапанов.

Оның айтуынша, тараптардың арасында еңбек шарты болмаса, онда еңбек қатынастарын сот арқылы растау қажет болады. Ал ол үшін полиция қылмыстық іс аясында еңбек басқармасының іске араласуын сұрап, ұсыныс білдіруге құқылы.

"Міне, сол кезде біз мораторийге қарамастан жұмыс берушіні әкімшілік жауапкершілікке тарта аламыз", – дейді ол.

Сонымен қатар, Қапанов егер оқиға автокөлік жуу аумағында болса, онда бұл істі өндірістік жарақат ретінде тіркеу қажеттігін де қаперге салды. Бірақ ол үшін жұмыс беруші еңбек қатынастарын мойындауы тиіс.

Оқи отырыңыз: Анасы мен әжесін өлімші етіп сабады: мән-жайды туысы айтып берді - видео

Қазірге кезде Павлодар қаласындағы көлік жуу орталығында әйелді ұру фактісі бойынша полицейлер тергеу жүргізіп жатыр.