Өңірлер

Екібастұзда велосипед мінген оқушы таңғажайып жағдайда бір ажалдан аман қалды – видео

Жасөспірім бала оң жақ қапталдан шыққан Toyota Land Cruiser көлігінен қашуға тырысып, солға қарай бұрылғанымен, әрекеті нәтижесіз болған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Екібастұзда Toyota Land Cruiser көлігін тізгіндеген жүргізуші 15 жастағы мектеп оқушысын қағып кетті, деп хабарлайды Екібастұз полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Видео әлеуметтік желіде жарияланды. Кадрда мектеп оқушысының велосипедпен кетіп бара жатқаны анық көрінеді. Сол сәтте оң жақ қапталдан Toyota Land Cruiser көлігі атып шығады. Жасөспірім соққы алмауға тырысып, солға қарай бұрылғанымен, қашып үлгермеді. Қатты жылдамдықпен жүрген көлік баланы соғып, ұшырып жібергені бақылау камерасына түсіп қалған. 

Жол апаты Мұхтар Әуезов көшесінде болған.

"15 сәуірде сағат 15:50 шамасында жол апаты салдарынан денесі көгеріп, сырылған жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің тексеруінен кейін ол үйіне жіберілді", – деп хабарлады қалалық полиция бөлімінің баспасөз қызметі.

Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, бұл фактіге қатысты тергеп, тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, қосымша сараптамалар тағайындалған.

Оқи отырыңыз: Солтүстік Қазақстанда көлік тоқтатып тұрған ауыл тұрғынын "ГАЗель" қағып кетті