НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов инфекциялық ауруханадағы жағдайды көрсетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қаланың бас дәрігері "Асар" шағын ауданында орналасқан инфекциялық стационарға барып, жансақтау бөлімін видеоға түсірген.
"Бұл жерде коронавируспен ауыратын науқастар жатады. Жансақтау бөлімінде науқастар өте көп. Көбісі – жастар. 40, 30, тіпті 20 жастағы науқастар бар. Олар өте ауыр жағдайда жатыр", – деді Позилов.
Басқарма басшысы дәрігерлерді, сондай-ақ науқастарды да көрсетті. Видеода кейбір пациенттердің ауыр дем алып жатқанын байқауға болады.
"Өз өмірлеріңізді қатерге тікпей, ертерек коронавирусқа қарсы вакцина садыруға шақырамын. Қазіргі кезде Шымкент қаласында жекеменшік емхана болсын, мемлекеттік емхана болсын, барлық жерде коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасы тегін салынып жатыр. Міндетті түрде вакцина салдырып алыңыздар", – деп атап көрсетті Позилов.
Оқи отырыңыз: Науқас коронавирустан жазылғанын қалай біле алады
Айта кетейік, соңғы бір тәулік ішінде Қазақстанда 2 656 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Ал Шымкент қаласында 119 науқас тіркелді.