Қоғам

Қазақстан Түркияға демалыс турларын сатуды уақытша тоқтатты

Қауымдастық президенті Инна Рейдің айтуынша, қазақстандық туроператорлардың мұндай шешімін адамдар жақсы қабылдаған
Sputnik

АЛМАТЫ, 16 сәуір – Sputnik. Қазақстандық туроператорлар жақын аралықта Түркияға жаңа тур ұйымдастыруды тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Ал бұған дейін сатылған турлар кейінге ауысады.

Қазақстан туроператорлар қауымдастығының президенті Инна Рей Sputnik Қазақстан-ға берген сұхбатында турларды сату мамырдың ортасында немесе маусымға жақын қайта басталатынын айтты. Барлығы Түркиядағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады.

"Қазір Түркияда туристік сезон басталатын уақыт кейінге қалды, Анталияға ұшулар тоқтатылды. Вакциналау нәтижесі шыққан соң турларды сату басталады деп сенеміз. Сәуір мен мамырға жоспарланған сапарды кейінге қалдырдық. Біреу саяхат күнін, енді бірі демалатын елді өзгертіп жатыр", – деді Инна Рей.

Қауымдастық басшысының айтуынша, адамдар бұл жаңалықты жақсы қабылдады. Себебі арасында Түркиядағы эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, демалуға қатысты алаңдаушылық танытқандар да бар.

"Түркия әрқашан туристер үшін ең танымал демалыс орны болды. Өткен жылы демалыс жоспарлаған туристер зардап шекті. Қазақстандықтар демалыстарын қайта бастауы үшін Түркиядағы жағдайдың тезірек түзелгенін күтеміз", – деді Инна Рей.

Қалған туристік бағыт бойынша демалысқа бару жалғасып жатыр.

Оқи отырыңыз: Бозжырада қонақ үй салу ойға қонымды деп ойлаймын – Ғабидолла Әбдірахымов

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова Түркияда күніне 50 мыңнан астам адамның коронавирус жұқтырып жатқанын ескеріп, Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе рейсі санын қысқарту жоспарланғанын хабарлады.