Қоғам

Вакцинадан кейін коронавирус жұқтырғандар бар – комитет жауабы

Вакцинаның екінші дозасын алғаннан кейін алты апта өтуі керек. Сол кезде коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптасады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір — Sputnik. Қазақстанда 16 адам вакцина алғаннан кейін коронавирустық инфекцияны жұқтырды. Sputnik Қазақстанға сұхбат берген санитарлық-эпидемиологиялық комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаев осы ақпаратты растады.

"Бүгінде вакцина (бірінші және екінші дозасын) алғаннан кейін коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 16 жағдайы тіркеліп отыр. Олардың ішінде соңғы дозасын алғаннан соң төрт аптадан кейін инфекция жұқтырған адам да бар. Бұл – екпеден кейінгі ең ұзақ уақыт", - деді Байтанаев.

Оның айтуынша,  COVID-19-ға қарсы вакцинаның екінші дозасын алғаннан кейін алты апта өткен соң иммунитет қалыптасады. Осы орайда комитеттің ресми өкілі екпенің өзі коронавирустық инфекцияға себеп бола алмайтынын де жеткізді.

"Біз қолданып жүрген вакцинаның құрамында тұтас әрі тірі вирус жоқ. Сондықтан екпенің өзі инфекцияны жұқтыруға себеп бола алмайды. Вакцинада коронавирустың бөлшегі ғана бар. Соның арқасында ауруға қарсы антиденелер бөлінеді. Ал иммунитет қалыптасқаннан кейін жаңағы антиденелер ағзаға түскен вирусты бірден таниды да, оны жойып отырады", - деп атап көрсетті Байтанаев.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салынуы мүмкін бе

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде республика бойынша коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші дозасын 107 970 адам салдырды. Ал бірінші компонентін алғандардың саны жарты миллионнан асты. Әзірше, ресейлік "Спутник V" вакцинасы егіліп жатыр. Сәуірдің соңында қазақстандық "QazVac" екпесінің алғашқы партиясы – 50 мың дана емханаларға таратылады.