Қоғам

Оқушылар сығылысып қалған: ұлттық тестілеу орталығы түсініктеме берді – видео

Электронды ҰБТ тапсыратын күндердің бірінде Тәуелсіздік сарайына кіреберісте оқушылар сығылысып, қолайсыздық туындады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір — Sputnik. Қазақстанның ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов мектеп оқушылары сығылысып қалғаны түсірілген видеоға  қатысты түсініктеме берді. 10 сәуірде мектеп түлектері Тәуелсіздік сарайына Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға келген. Оқушылар 300 адамнан екі ағым бойынша тест тапсырады.

Дидар Смағұлов Sputnik Қазақстан тілшісіне түсіндіргендей, әлеуметтік қашықтықты сақтау ережесінің бұзылуы екінші ағым тест тапсырып жатқанда (шамамен 13:00) болған. Бұл ақылы оқуға түсу үшін Нұр-Сұлтанда Ұлттық бірыңғай тест тапсыратын соңғы күн болған.

"Адамдардың кептелісіне бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, тест тапсырушылар белгіленген уақыттан бір сағат ерте, яғни 13:00-де келді. Ал екінші ағымға кіргізу уақыты 14:00-де, тестілеу 14:30-да басталуы тиіс еді. Осы уақытта далада жаңбыр жауып, сырттағы адамдар ішке кірді. ҰБТ-ны ұйымдастыруға тартылған барлық кезекші тестілеу аяқталмағандықтан аудиторияларда болды. Қатаң санитарлық шектеулерге байланысты жұмылдырылған кезекшілер саны шектеулі еді", - деді ұлттық орталық басшысы.

Оқи отырыңыз: Биылғы ҰБТ-ның ерекшелігі неде – білім министрлігі түсініктеме берді

Екіншіден, дәл осы күні Тәуелсіздік сарайында басқа бұқаралық шара (спорт биі бойынша жарыс) өтіп жатқан. Смағұловтың айтуынша, ҰБТ-ға қатысушылар ғимаратқа сәл кеш келуі керек болғандықтан, адамдар сығылысып қалды.

Қандай шара қабылданды

Алдағы уақытта осындай жағдайдың қайталануына жол бермеу мақсатында Ұлттық орталық басшылығы ғимаратты жалға алушылардың барлығымен өтетін шара туралы алдын ала келісуді қарастыратын келісімге келді. Сондай-ақ ҰБТ-ға қатысушылардың қосымша есіктер арқылы ішке кіруін қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды.

"Бір ағымда тест тапсыратындар санын 300-ден 160-қа дейін қысқарттық. Ғимарат алдына кезекті реттейтін металл шектеуіштер орнатылып, әлеуметтік қашықтық белгілері орнатылды. Сонымен қатар бірнеше кезекшінің орнына әлдеқайда тәжірибелі мамандар келді", - деп түсіндірді Дидар Смағұлов.

Еске салсақ, 10 сәуірде әлеуметтік желіде Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік сарайына кіреберісте ҰБТ тапсыруға келген оқушылардың сығылысуы түсірілген видео тарады. Қазақстандықтар карантиндік талаптарды елемей, тестілеудің нашар ұйымдастырылғанына наразылық білдірді.