Қоғам

Толық локдаун қайта енгізілсе, қанша қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін

Биыл да коронавирус пандемиясы жұмыссыздық деңгейіне әсер етеді. Егер эпидемиологиялық жағдай ушығатын болса елімізде 165 мың азамат жұмыссыз қалуы мүмкін
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір – Sputnik. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының президенті Дәулет Арғындықов бірінші жартыжылдықта қанша қазақстандық қандай себептермен жұмыссыз қалуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Арғындықов карантиндік шектеу шаралары күшейтілген жағдайда жұмыссыз қалатын қазақстандықтар туралы айтты.

"Қазіргі таңда біздің бағалауымыз бойынша 8,7 миллион адамның 4,1 миллионы өз орнында қалады. Бұл – өңірдің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін секторлар мен жұмыс түрлері, яғни тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жұмысшылары, дәрігерлер, өндірістік кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы. 2,5 миллионға жуық азамат қашықтан жұмыс режиміне ауысуы мүмкін. Олар – білім саласының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, кеңсе қызметкерлері және тағы басқа", - деді ол.

Айтуынша, 2 миллион адам тәуекел аймағына кіреді, бірақ бәрі нақты жағдайға байланысты. Бұл, ең алдымен, қызмет көрсету, сауда, көлік салаларының жұмысшылары.

"Біздің бағалауымыз бойынша толық шектеу шаралары енгізілген жағдайда 165 мың адам жұмысынан айырылуы мүмкін", - деп ескертті Арғындықов.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, қазір елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,9 процентті құрайды.