Өңірлер

Солтүстік Қазақстанда Сегіз серінің зираты табылды

Мамандар Сегіз сері жерленген жерді дронмен фотоға түсірген. Сол арқылы ол маңда басқа ескі зираттың жоқ екеніне көз жеткізген
Sputnik

АЛМАТЫ, 15 сәуір – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында ақын Сегіз серінің жерленген жері табылды. Ол жерге енді мазар орнатылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы тарихи-мәдени мұраларды сақтау орталығының директоры Рахат Мамбеталиновтың айтуынша, Сегіз сері жерленген жерді іздеу жұмыстары өткен жылы басталған. Ақынның мүрдесі қойылған жерді облыстық музейлер бірлестігінің мамандарымен бірге тапқан. Бірлестік қызметкері – өлкетанушы Ахметжан Қуантаев Сегіз серіге қатысты барлық құжатты, ауыздан-ауызға берілген аңыздарды зерттеген.

"Зерттеу аяқталған соң көзбен көрейік деп шештік. Деректерде оның Дос көлінің жағасында жерленгені айтылған. Сол көлді, зиратты таптық. Зират Тимирязев ауданының Докучаев ауыл округінде орналасқан. Аңыз-деректерде Сегіз серінің әйелімен бірге жерленгені айтылады. Сол жерде қос адам қатар жерленген зиратты таптық", - дейді Мамбеталинов.

Оның сөзінше, мамандар Сегіз сері жерленген жерді дронмен фотоға түсірген. Сол арқылы ол маңда басқа ескі зираттың жоқ екеніне көз жеткізген.

"Сегіз серінің жерленген жері туралы жазбаша дерек жоқтың-қасы. Сондықтан қолда бар ақпараттың бәрін жинастырдық. Сол жерге археологтармен бірге бардық. Сондай-ақ сол жерге жақын маңдағы ауылдың ақсақалдарымен, үлкендерімен сөйлестік. Соның бәрін жинақтай келе Сегіз сері сол жерде жерленген деген қорытындыға келдік", - деді ол.

Оның сөзінше, Сегіз серінің ұрпақтары ақын жерленген жерге мазар салуды жоспарлап отыр.

"Мазардың қойылу уақыты қаржылық жағдайға байланысты. Бұған мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Себебі бұл бюджеттік заңнамада жоспарланбаған. Қазір мазардың қандай болатыны туралы мәселе пысықталуда. Сонымен қатар Сегіз сері жерленген жерді облыстың киелі жерлерінің қатарына қосуды жоспарлап отырмыз", - деді Рахат Мамбеталинов.

Келешекте Сегіз серінің мазарын дәріптеу мақсатында сол аймақта айтыс өтуі де мүмкін.

Айта кетейік, Сегіз серінің шын аты – Мұхамедханафия Бахрамұлы. Ол 1818-1854 жылдары өмір сүрген ақын, әнші, батыр кісі. Қалмақтармен шайқаста қол бастап көзге түскен. "Ақтабан шұбырынды" кезінде туған "Елім-ай" дастанының авторы.