Өңірлер

Атырау облысында карантин күшейтіледі: қандай өзгеріс енгізілді

Қазір Атырау облысы коронавируске қатысты жағдай бойынша "қызыл" аймақта тұр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір — Sputnik. Атырау облысында 17 сәуірден бастап карантин шаралары күшейтіледі. Жаңа қаулы бойынша діни нысандар, дүкендер, қонақ үйлер, мектептер мен автобустардың жұмысына өзгерту енгізілді.

Атырау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Мәдениет Танауов 17 сәуірде сағат 00:00-ден бастап күшіне енетін жаңа қаулыға қол қойды.

Студенттер онлайн режимге көшеді

Құжатқа сәйкес, техникалық және кәсіби, мектептен кейінгі білім беру мекемелерінде, сондай-ақ жоғарғы және ЖОО-дан кейінгі білім беру мекемелерінде офлайн оқуға тыйым салынады. Осылайша аталған нысандардағы оқу тек онлайн форматта жүреді.

Сондай-ақ жалпы білім беру мектептеріндегі даярлық сыныптары, 1-5 сыныптардағы, халықаралық мектептердегі 1-7 сыныптардағы аралас форматтағы офлайн оқуға тыйым салынады.

Жалпы бала саны 300-ге дейін және әр сыныптағы бала саны 15-тен аспайтын қала және ауыл мектептері дәстүрлі форматта оқи береді.

Бітіруші сыныптар (9, 11 (12)) үшін оқу режимі аптасына алты күн аралас форматта қала береді. Яғни пәндердің 70%-і штаттық режимде өтсе, 30%-і қашықтықтан оқытылады. Алайда сыныптағы оқушы саны 15 баладан аспауы керек және бір кабинетті тек бір сынып қана пайдалануы қажет.

Мешіттер, шіркеулер және сұлулық салондары

Діни нысандар (мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагогалар және тағы басқа) жұмыс және сенбі күні жұмыс істейді. Яғни бұл нысандарға жексенбі күні жұмыс істеуге тыйым салынады. Алайда ғимараттың тек 30%-і ғана адамға толтырылады және бір келуші үшін кемінде бес шаршы метр аумақ қарастырылуы керек. Жұма намаз секілді ұжымдық шаралар өткізуге тыйым салынады.

Сұлулық салондары мен шаштараз секілді алдын ала жазылу арқылы косметологиялық қызмет көрсететін басқа да нысандар жұмыс күндері және сенбіде сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істей алады. Жексенбі күні қызмет көрсетуге тыйым салынған.

Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің кемінде 80%-і, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік нысандарындағы қызметкерлердің кемінде 50%-і қашықтықтан жұмыс істеуге көшірілуі керек. Бұл тізімге коронавируспен күрес жүргізетін және халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін сала қызметкерлері кірмейді. Ең алдымен жасы 50-ден асқан және созылмалы ауруы бар азаматтарды қашықтықтан жұмыс істеуге ауыстыру керек.

Қонақ үйлер, демалыс үйлері, туристік базалар мен басқа да нысандар ғимараттарды 50%-тен аспайтындан етіп толтыру арқылы жұмыс істей береді.

Сондай-ақ азық-түлік сататын дүкендер, шағын маркеттер, супермаркеттер, гипермаркеттер, алкомаркеттердің жұмысы 07.00-ден 23.00-ге дейін шектелді (жеткізу қызметін есептемегенде). Азық-түлікке жатпайтын тауарлар сататын дүкендер сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істей алады. Бұл нысандардағы адам саны ғимараттың 30%-нен көп болмауы керек.

Автобустар мен жәрмеңкелер жұмысы

Қоғамдық көлік штаттық кестеге сәйкес жұмыс күндері және сенбіде жұмыс істейді. Жексенбі күні қоғамдық көліктің жұмысына тыйым салынды.

Сенбіде ашық ауада сағат 09.00-ден 18,00-ге дейін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыруға рұқсат. Жексенбі күні мұндай іс-шараға тыйым салынған.

Қазір Атырау облысы "қызыл" аймақта тұр. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары да "қызыл" аймақта.