НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір — Sputnik. Қазақстандық мамандар коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентінен кейін басқа өндірушінің екпесін салдырудың қандай пайдасы немесе зияны бар екенін әзірге ешкім білмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте журналистер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Спутник V" вакцинасын салдыруы қоғамда қызу талқыланғанын еске алып, осы жағдайға қатысты сұрақ қойды.
"Біздің президентімізге "Спутник V" вакцинасының бірінші дозасы салынды. 21 күннен кейін екінші компонентін егу керек. Сол кезде қазақстандық екпе салынса, мемлекет басшысының денсаулығына қауіп төнбей ме? Жалпы, олай істеуге бола ма?", - деп сұрады тілшілер.
Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленовтың айтуынша, "Спутник V" мен "QazVac" екі бөлек әдіспен жасалған. Ресейлік өнім векторлық екпе болса, қазақстандық вакцина инактивті әдіспен жасалған. Бірақ екеуін араластырып егуге бола ма, жоқ па, ол жағын ешкім білмейді. Ондай зерттеу жасалмаған.
"Екеуін араластырып егу мәселесін ешкім зерттемеген. Одан пайда бола ма? Жоқ, әлде зияны көп пе? Оны ешкім дөп басып айта алмайды. Әлемде екі вакцинаны араластыруға қатысты зерттеу жұмыстары жүргізілмеді. Жалпы, вакцинаның әсер ету мерзімінен кейін басқа екпені алуға болады. Мәселен, тұмауға қарсы вакцинаны алайық, биыл біреуін салсаңыз, келесі жылы басқа өндірушінің екпесін қабылдауға болады", - деді Дәуленов.
Оқи отырыңыз: Тоқаев коронавирусқа қарсы вакцина салдырды
Ал биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья бір жылда екі түрлі екпені алуға болатынын жеткізді.
"Мысалы, біз бір жылда тұмауға қарсы екпені екі рет салдырамыз. Сол кезде емхана қызметкерлерінен вакцинаның өндірушісін және сапасын ешкім сұрамайды. Бар вакцинаны салдырамыз ғой. Сондықтан бір инфекцияға қарсы екі бөлек вакцинаны салу жағынан ешқандай шектеу жоқ. Әрине, алдымен дәрігерлердің кеңесін алған жөн", - деді Закарья орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Айта кетейік, 6 сәуірде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған "Спутник-V" вакцинасын салдырды. Осыдан кейін қоғам ішінде президенттің шешімі қызу талқыға салынды. Себебі бас кезінде ол қазақстандық вакцина салдырамын деген. Бірақ оны күтпей, "Спутник-V"-дің бірінші компонентін қабылдады. Үш аптадан кейін екпенің екінші дозасы салынады. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, келесі жолы мемлекет басшысы коронавирусқа қарсы отандық екпені салдыруға ниетті.
Бүгінде "QazVac"-тың алғашқы партиясы дайын. Көлемі – 50 мың доза. Жоспар бойынша сәуірдің соңында отандық вакцина республика бойынша таратылады. Артынан оны Түркия кәсіпорындарында көптеп шығару жоспарланып отыр. Күзге қарай Жамбыл облысында арнайы зауыт ашылады.