Қоғам

Депутат Әлихан Бөкейхан атындағы көшелер жайлы: елге көрсетудің өзі ұят!

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Әлихан Бөкейханның есімін Алматыдағы әзірге аты жоқ Қазақ ұлттық аграрлық университетіне беру әбден лайықты деп санайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір – Sputnik. Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Қазақстанда Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның атына лайықты бірде бір көше жоқ екеніне ашынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ақ жол" партиясы фракциясының мүшесі биыл Алаш Орда үкіметін басқарған Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толуына арналған іс-шаралар президенттің ұсынуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы бағдарламасына енгізілгенін еске салды.

Сондай-ақ 31 наурызда Түркі кеңесі мемлекеттерінің басшылары Әлихан Бөкейханның 155 жылдық мерейтойын бірлесе атап өту туралы шешім қабылдады.

Десе де, айтуынша, елімізде Алаш көсемдері лайықты ұлықталмай жатыр.

Депутат елімізде Алаш көсемінің атына лайықты ешқандай көше жоқ екенін айтады. Сондай-ақ ол астанада Бөкейханов көшесі орталықта емес екеніне наразы. Шеттегі ол көшені көбінесе "Мәңгілік елдегі" кептелістен қашқан жүргізушілер жақсы біледі. Алматыдағы Бөкейханов көшесі қала шетіндегі өндірістік ауданның базар артындағы қуыста орналасқан. Шымкенттің шетіндегі Тассай ауылының тасасында қалған Бөкейханов көшесінің ұзындығы 500 метрдей ғана, жиырма шақты үй орналасқан, тіпті жарық жоқ екенін алға тартты халық қалаулысы.

"Алаш Ордасы аталған Семейде де, облыс орталығы Өскеменде де Әлиханға лайықты көше жоқ, шалғайдағы шағын аудандардағы жиырма шақты үйден тұратын шағын көшелер. Қалаларда бірде-бір оқу-мәдени орындары жоқ бұл көшелерді елге көрсетудің өзі ұят!", - деп ашынды Қазыбек Иса премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында.

Ол қазақ жерінде біртуар тұлғаның атына лайық көше болмауы және қазақ ауылшаруашылығы ғылымының басында тұрған ғалымға бір де бір жоғары оқу орнының аты берілмеуі Алаш көсемінің аруағына жасалған қиянат екенін айтты. 

Осыған орай, "Ақ жол" партиясы Әлихан Бөкейханның есімін Алматыдағы әзірге аты жоқ Қазақ ұлттық аграрлық университетіне беру әбден лайықты деп санайды.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда кейбір көшелердің атауы өзгереді

Сондай-ақ олар Нұр-Сұлтандағы Тұран мен Сығанақ көшелерінің қиылысында бос тұрған алаңда "Алаш" аллеясын ашып, Әлихан ескерткіші мен Алаш қайраткерлері бюстерін орнатуды ұсынды.

Бұдан бөлек, депутаттар елдегі барлық қаланың орталығынан Әлихан Бөкейхан атына лайықты көше беріліп, Алаш алаңдары ашылуы тиіс деп есептейді.