Қоғам

Ashyq қосымшасында адам денсаулығына қатысты деректер 14 күн сайын өзгереді

Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілінің айтуынша қосымшадағы адамның статусы екі апта сайын ауысып отырады
Sputnik

АЛМАТЫ, 14 сәуір – Sputnik.  Ashyq қосымшасында жеке адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғанына қатысты деректер 14 күн сайын автоматты түрде ауысып отырады. Бұл туралы Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қызыл" статусы бар адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі. Ол статус 14 күннен кейін автоматты түрде "сары" күйге ауысады. Жүйе науқаспен байланыста болғандарды "сары" статуста деп көрсетеді. Егер олар коронавируспен ауырмаған болса, 14 күннен кейін "көк" түске өзгереді. Әрбір тұрғын өзінің қай кезеңде тұрғанын біледі", - деді Байғабылов.

Айтуынша, инфекция жұқтырса, "қызыл" статус, науқаспен үйде немесе жұмыста байланыста болған адамда "сары" статус көрсетіледі.

Ashyq деген не

Ashyq –  қоғамдық орындарға баратын адамдарды тіркеуге арналған қосымша. Нысанға кірмес бұрын пайдаланушы арнайы QR-кодты сканерлейді де, оны кіреберісте тұрған әкімшіге көрсетеді. Код келушінің статусын анықтайды. Ал азаматтардың статусы денсаулық сақтау министрлігіндегі мәліметтер базасымен салыстырғаннан кейін белгілі болады.

  • "Қызыл" статус – азамат ПТР-тест тапсырып, ол оң нәтиже көрсеткенде беріледі. Мұндай статусы бар адамдар үйде оқшаулану режимін қатаң түрде сақтауы керек.
  • "Сары" статус – ауру жұқтырғандармен байланыста болғандарға беріледі. Оларға үй жанындағы азық-түлік дүкендеріне немесе дәріханаларға баруға рұқсат берілген. Бірақ қоғамдық орындарға баруға тыйым салынған.
  • "Көк" статус – ПТР-тест тапсыру міндетті болатын орындардан басқа жерде еркін жүре алатын азаматтарға телінген.
  • "Жасыл" статус –  емін-еркін қозғала алатын адамдарға беріледі.

Ashyq 26 сәуірге дейін пилоттық режимде жұмыс істейді. Одан  кейін жобаны Қазақстанның барлық өңіріндегі кәсіпкерлер пайдалана алады.