Әлем

Америкалықтар Арктикаға көз тікті

Бір ай бұрын жарық көрген "Арктикалық стратегияда" америкалықтар өңірде Мәскеу мен Бейжіңді ығыстыруға деген ұмтылысын ашық мәлімдеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір — Sputnik. АҚШ Арктикада Ресейден басып озуға талпынып жатыр. Күні кеше Американың Құрлықтағы әскері Заполярьеге арналған техниканы әзірлеу бойынша Сингапурдың ST Engineering және BAE Systems компанияларымен бірлесе отырып, Oshkosh Defense концернімен келісімшарт жасасты. Америкада мұндай машинаның жоқ екені, ал қолданыстағысының әбден тозығы жеткені белгілі болды, деп жазды РИА Новости.

Арктика – кез келген әскер үшін күрделі сынақ. Өте төмен температура, сеңді мұз шоғырлары, жылжымалы мұздықтар, инфрақұрылымның жоқтығы, күрделі логистика, ұзақ полярлық түн – мұның барлығы үлкен әскери топтың орналасуын едәуір қиындатады.

Қырғи-қабақ соғыс кезінде КСРО-ға қарағанда АҚШ бұл аймаққа жіті назар аударған жоқ. Соның салдарынан бүгінде Пентагонның иелегінде пайдалануға жарамды жалғыз ғана мұзжарғыш Polar Star кемесі бар. Ал Ресейде осы типтегі 40-тан астам кеме бар. Оның үстіне америкалықтардың бұл аймақта іс жүзінде әскери базасы жоқ.

Ресей АҚШ-тағы елшісін неге қайтарып алды
Сондай-ақ күрделі полярлық жағдайларда жүктер мен әскери қызметшілерді тасымалдай алатын құрлықтағы әскерге арналған техника да жетіспейді. Бұл үшін жол талғамайтын шведтік Bandvagn 206 шынжыр табанды қос буынды ауыр техника ғана бар. Ол Small Unit Support Vehicle (SUSV) ретінде қолданысқа қабылданған. Алайда осы типтегі алғашқы машиналар 40 жыл бұрын қолданыстан шыққан және олар заманауи талаптарға сай келмейды.

Армия арктикалық техника паркін жаңартпақ мақсатта ColdWeather, All-Terrain Vehicle (CATV) бағдарламасы аясында конкурс жариялады. Пентагон 2021 қаржы жылында перспективалы тартқышты әзірлеуге, құрылысына және сынақтан өткізуге 6,6 миллион доллар және 110 бірлік CATV сатып алуға 9,25 миллион доллар жұмсауға дайын.

Одан кейін парк 163 бірлік жол талғамайтын көлікке дейін кеңейтіледі. Оның прототиптері 14 маусымға қарай дайын болады деп жоспарлануда. Тамыздан желтоқсанға дейін Аляскадағы полигонда сынақтар өтеді. Конкурс жеңімпазы 2022 жылы белгілі болады.

Жалпы CATV төрт нұсқада ұсынылады деп жоспарлануда. Жалпы мақсаттағы жол талғамайтын көлік кеме жүргізушісін есептемегенде кем дегенде тоғыз сарбазды бортқа қабылдауға, сондай-ақ үш күн бойы дербес іс-қимыл жүргізуге арналған жабдықтар мен қаруды алуға қабілетті болуы керек.

Медициналық жабдығы бар санитарлық нұсқа екі дәрігерге, екі төсек тартып жатқан және төрт жеңіл жараланған науқасқа есептелген. Командалық жол талғамайтын көлік заманауи байланыс және әскерді басқару құралдарымен жабдықталады. Ал жүкке арналған көлік үлкен қашықтыққа аса ірі көлемді әскери техниканы тасымалдай алуы керек.

"Бұл машиналар басқа техника жүре алмайтын елді мекендегі өте төмен температурада көптеген міндетті орындай алады, - деді журналистерге АҚШ әскерінің офицері Тим Годдет. – Олар еш қиындықсыз мұзда қозғалып, су кедергілерінен оңай өтіп, биіктіктерге көтерілуі керек. Сонымен қатар қызмет көрсетуде қарапайым әрі жанармайды үнемді шығындауы керек".

Конкурсқа қатысушылар алдыңғы әзірлемені басшылыққа алып отыр. Oshkosh пен ST Engineering қос буынды Bronco 3 тартқышын негізге алды. Бұл машина 20 жылдан астам уақыттан бері британ армиясын қаруландырып отыр, Ауғанстандағы соғыс қимылдарына қатысқан.

Ресейлік "стратег" зымыран қашан пайдалануға берілетіні белгілі болды
Bronco 3-тің оққа қарсы броньдауы бар. Жол талғамайтын көлік су кедергілерін сағатына бес километр жылдамдықпен еңсере алады.

BAE Systems компаниясы Beowulf қос буынды тартқышы базасындағы жаңа техниканы ұсынады. Ол бірқатар сипаттамасы бойынша Bronco 3 пен SUSV-ке ұқсас. Алайда жүк көтергіштігі жоғары.

Бір ай бұрын жарық көрген "Арктикалық стратегияда" америкалықтар өңірде Мәскеу мен Бейжіңді ығыстыруға деген ұмтылысын ашық мәлімдеді. Әлемдегі ең ірі мұзжарғыштар флоты, экстремалды жағдайда да еш кедергісіз әрекет ететін техника арсеналы мен солтүстік ендіктегі әскери базасы бар Ресей Пентагонды қатты алаңдатып отыр.

Жеңіс күніне арналған парадта жыл сайын арктикалық модификациядағы ресейлік әуедегі шабуылға қарсы жүйелер қатысады. Олардың қатарында шағын қашықтыққа ұшатын "Тор-М2ДТ" зенит-зымыран кешені, "Панцирь-СА" зениттік зымыран-зеңбіректі техникасы, сондай-ақ қамсыздандыру машиналарының арнайы нұсқалары бар.

Арктика өңіріндегі барлық дерлік техника ДТ-30 "Витязь" қос буынды шынжыр табанды жол талғамайтын көліктерінің базасына негізделген. Бұл машина минус 55 градусты аязда да міз бақпай әрекет ете береді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында ит пен бұғы жегілген арбалар маңызды рөл атқарды. Осы көліктің көмегімен тиісті орынға оқ-дәрі мен жеке құрамды жеткізіп отырды. Себебі техника өте алмайтын жерден жануарлар оңай өтті. Қазір арктикалық бригада үшін арнайы модификациядағы танктер, әскери машиналар мен тікұшақтар әзірленіп жатыр.