Қоғам

Алматыда 100-ге жуық бала коронавирустан емделіп жатыр

Қаладағы медицина-санитариялық алғашқы көмек мобильді бригадалары мен Телемедицина орталығының амбулаториялық бақылауында 6 132 пациент бар
Sputnik

АЛМАТЫ, 13 сәуір – Sputnik. Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артып жатыр. Қалада бір күнде 612 адамның инфекция жұқтырғаны тіркелді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының ақпаратына сәйкес, 13 сәуірде 612 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның ішінде 540 адамда ауру белгілері бар, қалған 72 адам – симптомсыз. Бір күнде 353 адам ауруханадан шықты, 355 адам емханаға жатқызылды.

"Инфекциялық стационарларда 3 649 адам бар (төсек-орынның жалпы саны 6 100), оның ішінде 99 бала емделуде. 728 ересек адам ауыр хәлде жатыр, 2 921 адам орташа ауыр жағдайда ем қабылдауда", – деп нақтылады қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 219 адам жатыр. Ал 32 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылып, инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратында 88 адам ем қабылдауды жалғастыруда.

Медицина-санитариялық алғашқы көмек мобильді бригадалары мен Телемедицина орталығының амбулаториялық бақылауында 6 132 пациент бар. Оның ішінде 5 196 адамда ауру белгілері бар, олар орташа ауыр жағдайда. 936 адамда ауру белгілері жоқ.

Вакциналау туралы ақпарат

13 сәуірде Алматыда 10 645 адамға вакцина салынды. Қазір қалада 78 395 доза вакцина бар.

"Қала бойынша 2021 жылдың 1 ақпаны мен 12 сәуір аралығында 97 145 адам вакцина салдырды. Қазір 201 пункт жұмыс істеуде, толық режимде 1 809 адамнан тұратын 402 егу бригадасы жұмыс істейді", – делінген ақпаратта.

Оқи отырыңыз: Вакцина салдырған соң бетпердесіз жүруге бола ма – сарапшы пікірі

Сонымен қатар 13 сәуірден бастап Қастеев атындағы өнер мұражайында вакциналау пункті жұмыс істей бастады. Ол жерде таңғы сегізден кешкі сегізге дейін вакцина салдыруға болады.