Өңірлер

Төрт адам жол жиегінде тұрған: жантүршігерлік жол апатының видеосы жарияланды

"Toyota Land Cruiser Prado" көлігінің жүргізушісі "жол беріңіз" белгісін елемей, жол қиылысына шығып кетіп, "Lexus GX-300" автокөлігімен соқтығысты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір — Sputnik. Алматыда адам өлімімен аяқталған жол апатына кінәлі деп танылған 59 жастағы әйел сотталды. Полиция оқиғаның видеосын жариялады.

Жол апаты Алматы қаласының Бостандық ауданында болды, деп хабарлады Polisia.kz.

"Toyota Land Cruiser Prado" көлігінің жүргізушісі Есқараева көшесімен шығыс бағытта келе жатып, Розыбакиев көшесімен қиылысқан жерде "жол беріңіз" белгісін елемей, жол қиылысына шығып кетіп, сол жерде Розыбакиев көшесімен солтүстікке қарай жүріп келе жатқан "Lexus GX-300" маркалы автокөлікпен соқтығысып қалған", – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.

Оның айтуынша, "Lexus" инерциямен жол жиегінде тұрған төрт жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Олардың бірі – 1992 жылы туған қыз алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

"Тағы бір жаяу жүргінші – 1994 жылы туған жігіт ауруханада қайтыс болды. Басқа зардап шеккендер медициналық мекемелерге жатқызылды", – деп толықтырды Әбдірахманов.

Тергеу және сараптамалық зерттеулер кезінде жүргізуші әйелдің кінәсі дәлелденді. Алматы қаласының Бостандық аудандық соты оны бес жылға бас бостандығынан айырды.