Шарманов жылқының еті мен сүтінен ғарышкерлер тамағы қалай әзірленгенін айтты

Қазақ тағамтану академиясының мамандары неліктен жылқы еті мен қымыздың ең пайдалы ғарыш тамағының бірі екенін айтып берді
Sputnik

АЛМАТЫ, 12 сәуір – Sputnik. Қазақ тағамтану академиясын отыз жылдан астам уақыттан бері басқаратын академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Төрегелді Шарманов қазақстандық ғарышкерлердің тағамы қалай әзірленгені туралы әңгімеледі. 

Басты жетістік – ұлттық тағам

Ғарыш кеңістігіне арналған мәзірді әзірлеумен Қазақ тағамтану академиясы ресейлік әріптестерімен бірге ұзақ уақыт айналысты. Мамандар елуге жуық ғарышқа арналған тағам дайындаған. Ал соның ішінде басты жетістік – жылқы еті мен бие сүтіне негізделген ұлттық өнім.

Шарманов жылқының еті мен сүтінен ғарышкерлер тамағы қалай әзірленгенін айтты

Бұл ингредиенттерді пайдаланып, ғарышқа арналған тағамдарды дайындау идеясы қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов халықаралық ғарыш станциясына ұшатын сәтте келген. Төрегелді Шармановтың айтуынша, ғалым орбитаға қазақ ұшқанда оны өзіне таныс тамақпен қамтамасыз ету керек деп ойлаған. Өйткені кез келген адам сияқты оның ұлттық тағамды жақсы көруі мүмкін екені ескерілген. Сонымен қатар ғалым ретінде ұлттық өнімнің басқа ұлттың ғарышкерлеріне де қаншалықты нәрлі болатынын анықтау туралы ойлайды.

"Құрамын білгендіктен дайын болдық. Мысалы, бие сүті мен жылқы еті теңіз өніміне қарағанда тез сіңеді. Сондай-ақ  жылқылардың тіршілік ету ортасы теңізбен салыстырғанда адам өмір сүретін ортаға сәйкес келеді. Сол себепті соны қолданамыз деп шештік. Тағамды әзірлеу кезінде қазақтар бұрыннан пайдаланған азық-түлік негізге алынды. Яғни, жылқы еті мен сүтін пайдаландық. Ол ғарышқа ұшу кезінде тіршілікті толық қамтамасыз етті және қажеттілікті толық өтеді деп санаймыз", - дейді Төрегелді Шарманов.

Бір қарағанда бәрі оңай әрі тез жасалғандай болып көрінгенімен, бұл шешімнің артында қаншама адамның бірнеше жылға жалғасқан еңбегі жатыр. Себебі ғарышқа арналған тағамды әзірлеуге Қазақ тағамтану академиясының барлық қызметкері бір кісідей атсалысқан. Әрине, жануарларға сынақ жүргізілген.

Шарманов жылқының еті мен сүтінен ғарышкерлер тамағы қалай әзірленгенін айтты

Эксперимент кезінде сынақ жүргізілетін жануарларды торға орналастырады, ғарыш кеңістігіне ұшу факторы арнайы модельденеді және оларға 30-60 күн су мен тамақ береді. Осы кезеңнен кейін оларды ұйықтатады және қандағы биохимиялық және иммунологиялық көрсеткіштері бағаланды.

Ғалымдар халықаралық ғарыш станциясының бортына жіберу жоспарланған азық-түлікті жануарлардың қосымша тобына беріп бақылаған.

"Бұл өнімдерде жануарлардың антиоксиданттық жағдайын, иммунитетін арттыратын бірқатар биологиялық белсенді ингредиенттер бар. Олардың әсерін биохимиялық көрсеткіштер арқылы бақыладық. Осылайша біз ғарышқа арналған өнімдердің рецептін әзірледік. Содан кейін жұмыс рецептурасын әзірледік, тиісті стандарттарды, нормативтік құжаттарды жасадық, өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін бағаладық және одан әрі олар Бирюлевский тәжірибе-эксперимент зауытына жіберілді. Ал ол жақта өнімдерді қабылдаумен айналысқан комиссия оларды Байқоңырға жіберді", - деді Sputnik Қазақстан тілшісіне Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті, биология ғылымдарының докторы, профессор Юрий Синявский.

Шарманов жылқының еті мен сүтінен ғарышкерлер тамағы қалай әзірленгенін айтты

Жарамдылық мерзімі – екі жыл

Академик Төрегелді Шармановтың жетекшілігімен Қазақ тағамтану академиясында жылқы еті мен бие сүті егжей-тегжейі зерттелді. Нәтижесінде ғарышқа арналған тамақ ғарышкерлердің денсаулығы мен күшін сақтау үшін өте қолайлы деген болжамы расталды.

"Жылқы еті мен қымызда дәрумендер мен басқа да заттар жеткілікті. Сондай-ақ өнімге тау пиязын қостық. Мен туған жерде көкөністер мен жемістер өспейтін. Бәрін таудан жинайтынбыз. Ол бақшада өскен өнімнен әлдеқайда пайдалы. Мен соны жеп өстім. Жұмыс істеп жүрмін. Ақыл-ойым да басқалардан кем емес. Менің ұсыныстарымды америкалықтар, орыстар, еуропалықтар, австралиялықтар және басқалар тыңдайды. Ол өнімнің пайдалы екенін мен өзім арқылы көрсеттім деп ойлаймын. Жақында 91 жасқа келемін. Бұл дәлел бола алмай ма? Қазірге дейін мен үшін басты тағам – ұлттық тағамдар", - дейді Төрегелді Шарманов.

Ғарышқа арналған тағамды дайындау кезінде нормативтік базаға ерекше назар аударылды: стандарттар, рецептуралар, химиялық құрамды бағалау. Мұның бәрі өте маңызды саналады, өйткені ғарышқа арналған тағамның жарамдылық мерзімі кемінде екі жыл болуы керек. Себебі кей жағдайға жоспардан тыс жайттар болуы мүмкін. Екі жыл ішінде тағамың дәмі, құрамы өзгермеуге тиіс. Сонымен қатар олар микробиологиялық және токсикологиялық көрсеткіштер бойынша қауіпсіз болуы керек. Осының бәрін Қазақ тағамтану академиясының ғалымдары тексеріп, содан кейін ғана осындай тағам құрамының ғарышқа ұшу үшін қауіпсіз екендігіне кепілдік берді.

Шарманов жылқының еті мен сүтінен ғарышкерлер тамағы қалай әзірленгенін айтты

Дей тұрғанмен, Қазақ тағамтану академиясы ғарышқа ұшуға арнап әзірлеген тағамның дәмін және пайдалы қасиеттеріне басты бағаны ғарышкерлер береді. Алғашында олар жерде тағамның дәмін көреді. Ғарышкерлерге сауалнама жіберіледі. Олар ол жерде өнімнің ағзаға әсер етуімен байланысты маңызды сұрақтарға жауап беріп, оның органолептикалық көрсеткіштерін сипаттауы керек.

Ғарыш кеңістігінде кез келген өнімнің дәмі айтарлықтай өзгереді. Жерде тәтті болған тағам ол жақта сезілмеуі мүмкін. Зерттеу аяқталған соң ғарышқа арналған тамақ арнайы ыдысқа салынады.

Алайда зерттеу мұнымен аяқталмайды. Оның келесі кезеңі ғарышта өтеді.

"Қосымша зерттеулерге келетін болсақ, ұшу барысында бортта биохимиялық және иммунологиялық аппаратура өте көп, ғарышкерлердің өзі қан алады, бірқатар биохимиялық көрсеткіштерді бағалайды және бұл деректер бізге жерге жіберілді. Яғни, біз белгілі бір өнімнің ғарышкер қанының биохимиялық және иммунологиялық көрсеткіштеріне әсерін бағаладық. Жеке мәліметтерге келетін болсақ, нәтиже жақсы болды: барлық ғарышкер бес деген баға қойды. Менде олардың қолы қойылған хаттамалар да бар", - дейді академик Төрегелді Шарманов.

Шарманов жылқының еті мен сүтінен ғарышкерлер тамағы қалай әзірленгенін айтты

Қазір Қазақ тағамтану академиясы әзірлеген ғарышқа арналған тамақ өндірілмейді. Алайда барлық рецепт, құрамы және өндіріс технологиялары сақталған: қажеттілік пайда болса, ғалымдарға оны өндіру қиындық тудырмайды.

Ал қазір академия жаңа жоба бойынша жұмыс істеп жатыр. Олар әскери авиация ұшқыштары, альпинистер, спортшылар және қызмет бабы бойынша төтенше жағдайларда болуы мүмкін басқа да маман иелеріне арнап өнім әзірлемек.

Қазақ тағамтану академиясы КСРО денсаулық сақтау министрлігінің 1973 жылдың 6 желтоқсанындағы бұйрығы негізінде құрылды. Бастапқыда 1974 жылдың сәуірінде құрылған КСРО Медицина ғылымдары академиясының тамақтану институтының Қазақ филиалы болды.

Қазір академияда 74 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 13 медицина (биология) ғылымдарының докторы және 21 медицина (биология) ғылымдарының кандидаты бар.