НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір – Sputnik. Полицейлер мен құтқарушылар және еріктілер Қарағанды облысында жоғалып кеткен 62 жастағы ер адамды іздеп жатыр. Қазірше облыс аумағындағы Нұра өзенінен кәсіпкердің көлігі ғана табылды.
Облыстық полицияның хабарлауынша, ер адам көлігімен аудан орталығына қарай кеткен, содан кейін оны ешкім көрмеген.
"Қазіргі уақытта жоғалған адамның көлігі ғана табылды. Іздеу шаралары жалғасуда", – делінген полиция ақпаратында.
Жергілікті журналист Ботагөз Омарованың айтуынша, жоғалып кеткен азамат депутат әрі кәсіпкер. Ол суға батып кеткен болуы мүмкін. Себебі, көпірді жыл сайын көктемде су шайғанымен, атқарушы билік өкілдері бұл мәселені елемейді.
Ал облыстық төтенше жағдайлар департаменті Нұра ауданында адамның жоғалып кеткені туралы хабар 10 сәуірде түнгі сағат үште түскенін мәлімдеді. Шағым айтушылардың сөзінше, жоғалған азамат 8 сәуірге қараған түні Кәрім Мыңбаев ауылынан Тассуат ауылына көлікпен кетіп, бірақ діттеген жерге жете алмаған.
"8 сәуірде жоғарыда аталған жол учаскесін су шайып кету фактісі тіркелмеген", – дейді төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдері.
Оқи отырыңыз: Қызылордалық бизнесмен жұмбақ жағдайда жоғалып кетті - видео