Қоғам

Аграрлық несие корпорациясының басқарма төрағасы ауысты

Бұған дейін бұл лауазымды атқарған Бағлан Құлтаев "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ басқармасының шешімімен қызметтен босатылды
Sputnik

АЛМАТЫ, 12 сәуір – Sputnik. Аграрлық несие корпорациясының басқарма төрағасы ауысты. Енді бұл қызметті Айболат Әбенов атқарады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ басқармасының шешімімен Айболат Әбенов "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ басқарма төрағасы болып сайланды. Бұған дейін ол корпорацияның басқарушы директоры – басқарма мүшесі лауазымын атқарған, филиалдарды кредиттеу және олардың қызметі мәселелеріне жетекшілік еткен", – делінген ақпаратта.

Айболат Әбенов Мәскеу халық шаруашылығы институтын экономист-өндіріс менеджері мамандығы бойынша бітірген. 19 жыл қаржы секторында орталық және өңірлік деңгейдегі түрлі лауазымда жұмыс істеген. Мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда еңбек еткен.

Бұған дейін бұл қызметті атқарған Бағлан Құлтаев "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ басқармасының шешімімен тараптардың келісімі бойынша мерзімінен бұрын қызметінен босатылды.

Оқи отырыңыз: Карантинде басы дауға қалған алматылық полицей басшылық қызметке тағайындалды

Айта кетейік, корпорация "Бәйтерек" холдингі компаниялар тобының құрамына кіреді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша аграрлық несие корпорациясының таза пайдасы шамамен 20 миллиард теңгені құрады.