Өңірлер

"Есік-терезе сықырлайды": Қазығұрттың баурайындағы ауыл тұрғындары дабыл қақты

Ақбұлақ ауылының азаматтары таудан тас қазатындардың пайдасынан зияны артып барады дейді. Билік 14 сәуірден бастап жоспардан тыс тексеріс жүргізілетінін хабарлады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 сәуір – Sputnik. Түркістан облысының тұрғындары алпыс жылдан бері жұмыс істеп тұрған карьердің жұмысын тоқтатуды талап етті, деп хабарлады "Астана" арнасы.

Төлеби ауданына қарасты Ақбұлақ ауылының азаматтары таудан тас қазатындардың пайдасынан зияны артып барады деп дабыл қағып отыр.  Айтуларынша, жер асты қазба байлығын қолданушылардың әрекетінен бұлақ көздері жабылып, егін суармақ тұрмақ, ішер суға зар бола бастаған. Халық бұлай жалғаса берсе, Қазығұрт тауының баурайы сахараға айналуы әбден мүмкін дейді.

Қазығұрт тауының тасы бұл жерде 1959 жылдан бері алынып келеді екен. Содан бері қысы-жазы бірде бір үзіліс болмапты. Ауыл ақсақалдарының білуінше карьердің жұмысы елу жылда тоқтауға тиіс болған екен, бірақ тау тасы әлі күнге тасылып жатыр. Карьер тұрғын үйлерден таяқ тастам жерде ғана.

Ақбұлақ ауылының тұрғыны Ерсұлтан Қансейітов ес білгелі таудағы жағдайға куә болып жүргенін айтты. Дүмпудің күшті болатыны сонша  жер сілкініп, есік-терезе сықырлап кетеді дейді. Тіпті қабырғаларда жарықшақ көбейген.

"Аптасына екі-үш рет жарылыс жасайды. Бір күнде тіпті екі реттен болады. Осы жарылыстың кесірінен үйдің қабырғалары жарылып кете береді. Бүкіл ауылдың тұрғындары жөндеу жүргізуден шаршады, ақырында жасамайтын да болған", - дейді Ерсұлтан Қансейітов.

Ақбастаулықтардың уайымы бұл ғана емес секілді. Су көздері де соңғы 10-15 жылда тартыла бастапты. Мәселен, Қазығұрт тауының баурайындағы ауылдардың күніне жарап келген 15 бұлақтың сегізі мүлдем сарқылған. Ағын су да жоқ есепті. Осы төңіректегі он шақты ауыл қазір тіршілік нәрінен тапшылық көріп бастаған. Айтуларынша, кейбір ауылға ауыз су сағатпен беріледі.

"Ақбура деген үлкен өзеніміз болатын. Содан 200-300 гектарға жүгері егіп, бәріне жетіп жататын. Кезінде өзеннен атпен зорға өтетінбіз. Қазір әшейін қызанақ суаруға жетпей жатыр. Экологиялық апат деп білеміз бұны", - деп ашынды Ақбастау ауылының тұрғыны Әлібек Өрісбаев.

Тұрғындардың білуінше карьер цемент шығаратын зауыттардың біріне тиесілі. Тау тасын алпыс жылдан астам уақыттан бері алатындықтан үлкен шұңқырдың тереңдігі жүз елу метрге жетіп қалыпты. Тіпті ауыл қорымына жақындап қалғанын айтқан ақбастаулықтар жер қойнауын пайдаланудың тәртібі сақталмай отырғанына сенімді.  

Қақпаған есігіміз қалмады деген халық экология министрлігі мен облыс басшыларына дейін жуырда ресми хат жолдапты.

"Шымкент цемент АҚ-ның Ақбастаудағы карьері бойынша арыз қаралып жатыр. 14 сәуірден бастап жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін прокуратураға АКТ жолдадық. Сол құжат тіркелген уақыттан бастап жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіледі", - деп түсіндірді Түркістан облысы бойынша экология департаментінің бөлім басшысы Мәди Қожатайұлы.

Тексеру қорытындысы он күн шамасында әзір болмақ. Соған сәйкес нақты шешім қабылданады екен. Алайда төлебиліктер қазба жұмысы жалғаса берсе, киелі Қазығұрт тауы тау қалпын да сақтай алмай қалуы мүмкін деп алаңдайды.