Саясат

Қазақстанда саяси репрессия жоқ – үкімет басшысының орынбасары

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, бұрынғы және қазіргі заманды салыстыруға болмайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір — Sputnik. Қазақстанда саяси репрессиялар жоқ. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысына арналды. Журналистер тарапынан Қазақстанның қазіргі саяси жүйесіне қатысты сұрақ қойылды.

"Ералы Лұқпанұлы, қазіргі Қазақстанда саяси репрессиялар бар ма? Жалпы, тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде саяси тұтқындар болды ма? Қалай ойлайсыз, Арон Атабек пен Макс Боқаев сияқты қоғам белсенділері саяси қудалауға ұшырады ма?", - деді тілші.

Үкімет басшысының орынбасары: "Бұның барлығы сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құзіретіне кіреді", - деп қысқа ғана қайырды.

Осыдан кейін тілші кеңес заманында репрессияға ұшырағандардың бертін келе ақталғанын, сол сияқты қазір қудалауға ұшырағандар болашақта ақталатынын айтып, тарихтың қайталатыны жайында сұрады.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, бұрынғы және қазіргі заманды салыстыруға болмайды. 

"Сіз айтып отырған репрессиялар қазіргі Қазақстанда жоқ. Ол кезде тұтас бір ұлттарға қатысты репрессиялар жасалды. Оны жақсы білесіздер. 20-жылдар болсын, 30-шы жылдар болсын, мысалы, депортация кезінде Қазақстанға 60 ұлт жер аударылып келді. Жан-жақтан келді. Сондықтан бұл жерде екі заманды салыстырған орынсыз", - деді Тоғжанов.