Қоғам

Дариға Назарбаева панасыз қалған ит-мысықтарды көріп қайтты

Кездесу кезінде иесіз қалған иттер мен мысықтарға жасалатын қатыгездік мәселесі, оларды қамқорлығына алатын мекемелердің жұмысы талқыланды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір — Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева елордадағы иесіз қалған жануарлар орталықтарын аралап шықты, деп хабарлады парламенттің төменгі палатасының баспасөз қызметі.

Назарбаева мамандырылған ұйымдардың жетекшілерімен кездесті. Оның ішінде жануарларды қорғау жөніндегі "Inucobo" қауымдастығының президенті Лилия Сәрсенова бар. Кездесу кезінде панасыз жануарларға қатысты қатыгездік әрекеттер, иттер мен мысықтарды ұстау мекемелеренің проблемалары, сондай-ақ осы саладағы заңнаманы жетілдіру жайы талқыланды. Мәселен, бір мекемеде 150-ден астам жануар бар. Былтыр осы жерден 100 ит пен мысықты алып кеткен.

Дариға Назарбаева панасыз қалған ит-мысықтарды көріп қайтты

"Я живой" орталығының құрылтайшысы Елизавета Липисейдің айтуынша, бүгінде осы саладағы мекемелердің қызметі заңмен реттелмейді. Сондықтан нормативтік стандарттарды жасап, ұйымдардың қызметіне қатысты талаптарды бекіту керек. Сондай-ақ халықтың үй жануарларын ұстау мәселесін де ретке келтірген жөн.

"Жануарларды ұстаудың бірыңғай ережелері керек. Үй жануарларын тіркеу арқылы оларды есепке алып отырған дұрыс. Бүгінде көптеген елде жануарларға чип салады. Соның арқасында оның иесін және тағы басқа ақпаратты білуге мүмкіндік бар. Әрине, мемлекеттік қолдау да қажет. Мәселен, жер учаскелерін бөлу жағынан көмек керек болып жатады", - дейді Липисей. 

Дариға Назарбаева "Halfway home" ұйымына да барды. Ол жерде панасыз қалған 80 ит бар.

"Біз жарақат алған, далада қалған жануарларды құтқарып жүреміз. Ақша жинамаймыз. Бәрін өз қаржымызға жасаймыз. Стерилизациясы ба, вакцинациясы бар. Ай сайын 800 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін ақша кетеді", - дейді ұйым басшысы Ғаникен Дербісәлиева.

Оның сөзіне қарағанда, жануарды жаңа иесіне бірден бере салмайды. Алдымен жануарды ұстау жағдайымен танысады. Содан кейін ғана иттерді сұрап келген адамға береді.  

Ал Дариға Назарбаева ұйым жетекшілеріне үй жануарларына деген ізгі көзқарасы мен қаңғыбас жануарларды азайту жолындағы еңбегі үшін алғыс атып, арнай мекемелердің қызметін жан-жақты қарастыру қажеттігін жеткізді. Осы орайда депутат парламентте тиісті заң жобасының қаралып жатқанын жеткізді. Оны әзірлеу кезінде барлық адамның пікірін ескеру керек. Олардың ішінде экологтар, жануарларды қорғаушылар мен қаңғыбас жануарлардан қорқатындар да бар.