Әлем

Айзаданың өлімі: жігіт өлер алдында анасына аудиохабарлама жіберген

Криминалдық милиция қызметінің хабарлауынша, кешке Айзаданың анасы қоңырау шалғанда ол телефонын көтеріп, бәрі жақсы екенін, көп ұзамай үйге баратынын айтқан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір — Sputnik. Бішкек қаласының тұрғыны Айзада Қанатбекованы буындырып өлтірген Замирбек Теңізбаев өз-өзіне қол салғанға дейін туған-туыстарына аудиохабарлама жіберген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Вечерний Бишкек" басылымына сілтеме жасап.

Аудиода ер адам жылап тұрып ағасынан үйдегілердің қал-жағдайын сұрайды. Одан кейін барлық күнә үшін кешірім сұрайды.

"Ол мені сатып кетті, махаббатымызды сатып кетті. Мен сізге қанша рет айттым, қатты ғашық болып қалдым. Басқа қызға қарағым да келмеді. Осы қызға ғана үйленемін дедім. Мен қатты өзгердім. Сіз менің қандай бала болғанымды білесіз. Сол себепті, аға, менен кеткен күнәлар болса кешіріңіз", - дейді ол.

Ер адам анасына қоңырау шалған. Бірақ телефонын көтермегендіктен ағасы арқылы дыбыстық хабарлама жібереді.

"Ана, сабыр сақтаңыз, менен кеткен күнә болса, кешіріңіздер. Мен қай дүниеде болсам да, құдайдан өмірлеріңіздің ұзақ болғанын тілеймін. Апа, мен ғашық болып қалдым. Мен Айзадасыз өмір сүре алмаймын. Мен Айзаданы көп күттім, мен оны сүйдім. Басқа адаммен бастайын десем де болмады...", - деген кезде арғы жағында қыздың дауысы естіледі, "мен сағат күт дедім ғой" дейді ол.

"Бір айтты, мақұл, күттім. Екінші рет тағы күт деді, тағы алдады. Үшінші рет сенбеймін. Тағы сұрап жатыр, жалған айтады. Болды. Рақмет баршаңызға, мен сіздерді құдай алдында кешірдім. Сіздер де мені құдай алдында кешіріңіздер. Барлығыңызды жақсы көремін", - деп түйіндейді ер адам.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Криминал в Кыргызстане (@svodka.akipress)

"Өзім шешемін"

Криминалдық милиция қызметінің бастығы Ұлан Айтбаевтың айтуынша, Айзада Қанатбекованы алып қашқан ер адам Ресейде қарақшылық үшін сотталған. Осы елге кіруге тыйым салынған. Ал қыз ұрланған күні Айзадаға анасы да, тергеушілер де қоңырау шалған.

"5 сәуірде екеуінің телефоны біресе өшіп, біресе қосылып тұрған. Кешке қарай Айзаданың анасы қоңырау шалғанда ол телефонын көтеріп, бәрі жақсы екенін, көп ұзамай үйге баратынын айтқан. Одан кейін тергеушілер хабарласты. Ол барлық мәселені өзі шешетінін және милицияның араласқанын қаламайтынын жеткізді. Артынша екеуінің телефоны тағы өшіп қалды", - деді Айтбаев арнайы баспасөз мәслихатында.

Қызды қалай алып қашты

Айта кетейік, 5 сәуірде  үш ер адам 27 жастағы қызды алып қашты. Оны көлікке күштеп отырғызып, белгісіз бағытта алып кеткен. Қызды ұрлау сәті видеоға түсіп қалды. 

Екі күннен кейін далада тұрған көліктен жоғалған қыз бен 36 жастағы ер адамның денесі табылды. Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, ер адам қызды буындырып өлтіріп, содан кейін өзін өлтірген. Артынан қызды алып қашуға қатысқандар да анықталды.

Бішкек қаласы ішкі істер басқармасының бастығы Бақыт Матмұсаев көз жұмған Айзада Қанатбекованың туыстарынан кешірім сұрады. Ал халық көшеге шығып, ішкі істер министрі мен басқарма бастығының отставкаға кетуін талап етті.