Қоғам

Көкшетаудағы ынтымақтастық форумына Тоқаев пен Путин қатысуы мүмкін

Қазақстан СІМ басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынаста шекара саласындағы ынтымақтастықтың рөлі жоғары екенін атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір — Sputnik. Осы жылы Көкшетауда өтетін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына екі ел президенттері қатысуы мүмкін, деп мәлімдеді Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Нұр-Сұлтанға жұмыс сапарымен келді. Бүгін ол қазақстандық әріптесі Мұхтар Тілеубердімен кездесті. Лавровпен кездесудің қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында сөйлеген Мұхтар Тілеуберді тараптар талқылау барысында іс-шараны жоғары деңгейде өткізу кестесіне үлкен мән бергенін айтты.

СІМ басшысы сауда айналымының 70%-і тиесілі Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынаста шекара маңындағы ынтымақтастықтың рөлі жоғары екенін айтты.

"Біз Қазақстан мен Ресейдің 17-ші өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізуге дайындаламыз. Бұл шара пандемияға байланысты кейінге қалдырылған болатын. Форум осы жылы Көкшетауда өтеді. Екі ел өңірлерінің алдында тұрған өзекті мәселелер мемлекет басшыларының қатысуымен қаралады деп үміттенеміз", - деді Тілеуберді.

Айта кетейік, ақпанның ортасында Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге қоңырау соғып, саяси, сауда-экономикалық және өңіраралық ынтымақтастық мәселелеріне мән бере отырып, екіжақты қарым-қатынастың жай-жапсарын талқылады.

Сондай-ақ екі ел президенттері Көкшетауда өтуге тиіс Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумын да талқылады. Біраз бұрын Ақорданың баспасөз қызметі аталған шараның қандай форматта өтуі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болатынын хабарлады.