НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов вакцинацияға қатысты өз ұстанымын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Өзінің коронавирусқа қарсы вакцинаны өткен жылы да салдырғанын алға тартқан министр екпені жыл сайын алып тұратынын атап өтті.
"Мәселен, былтыр үш бірдей вакцина алуға тура келді. Біреуі коронавирусқа қарсы отандық "QazVac" екпесі, одан кейін тұмау мен пневмококке қарсы екі вакцина салдырдым. Вакцина адамзаттың үлкен өнертабысы деп ойлаймын. Сондықтан барлық адамдарды ғылымға және вакциналарға сенуге шақырамын", – деді Аймағамбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Осы орайда министр отбасы мүшелерінің вакцина салдыруына қатысты өз ойын да айтты.
"Олар міндеті түрде вакцина алады деп ойлаймын. Қазіргі кезде басқа адамдар сияқты өз кезегін күтіп отыр. Уақыты келгенде шақырады. Сол кезде олар да кезек бойынша барып, коронавирусқа қарсы вакцина алады", – деп атап көрсетті Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз: Тоқаев вакцина салдырды
Айта кетейік, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинация 1 ақпанда басталған. Бас кезінде індетті жұқтыру қаупі жоғары санатқа кіретін адамдар – медицина қызметкерлері мен полицейлерге және тағы басқа мамандарға салынды. Қазіргі кезде барлығына бірдей вакцина салу шаралары жалғасып жатыр.