Қоғам

Рамазан-2021: жұма, тарауық пен ауызашар өткізу тәртібі жарияланды

Мешіттерде бес уақыт және тарауық намазы 4 шаршы метр қашықтық сақталған жəне толтырылуы 30%-тен аспаған кезде оқылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір — Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы Рамазан айында діни рәсімдерді өткізу тәртібін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мүфтияттың шешіміне сәйкес, бес уақыт  намаз, жұма  намазы, тарауық намазы мен  ауызашар әрбір өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына қарай өткізіледі.

"Жасыл" аймаққа кіретін облыстарда:

  •  Мешіт дəретханаларын қолдану барысында арақашықтықты жəне сантитарлық талаптарды  сақтай отырып, мүмкіндігінше  тез дəрет алу;
  • Намаз оқитын залдардың көлеміне қарай уақытымен  залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу;
  • Мешіттің кіреберісінде тұрған антисептикалық құралдар мен санитайзерлерді пайдалану;
  • Толтырылуы 30%, бірақ 50 орыннан аспайтын жағдайлар  сақталған кезде ауызашар өткізу;
  • Тарауық намазында санитарлық талаптарды сақтау, қысқа сүрелер оқу, ауа райы қолайлы өңірлерде мүмкіндігінше мешіт ауласында өткізу;
  • Тарауық намазы рұқсат етілген мешіттерде Құран хатымды (1 парадан асырмай оқу) санитарлық талаптарды  сақтай отырып өткізу;
  • Мешіттерде намаз оқу (бес уақыт намаз, жұма намазы, тарауық намазы) бір адамға кемінде 4 шаршы метр есебінен қашықтық  сақталған жəне толтырылуы 30%-тен аспаған кезде жүзеге  асырылады;
  • Жасы үлкен кісілер,  денсаулығы нашар адамдар (ер жəне əйел) жəне жас балалар намаздарын үйлерінде оқу;
  • Мешітке кіруге міндетті түрде бетперде болған жағдайда ғана рұқсат ету.
  • Құран оқытуға келушілер арасында арақашықтықты сақтау  (10 адамнан артық кіргізбеу).

"Сары" аймаққа кіретін облыстарда:

  • Тарауық намазында санитарлық талаптарды сақтау, қысқа сүрелер оқу, ауа райы қолайлы өңірлерде мүмкіндігінше мешіт ауласында өткізу;
  • Мешітке келушілердің бетпердемен келуін қадағалау;
  • Мешіттерде намаз оқу (бес уақыт намаз, тарауық намазы) бір адамға кемінде 4 шаршы метр есебінен қашықтық сақталған жəне толтырылуы 30%-тен аспаған кезде жүзеге асырылады;
  •  Мешіттің кіреберісінде тұрған антисептикалық құралдарды пайдалану;
  • Ораза ұстаған адамдарға мүмкіндігінше ауызашар қоржынын жеткізіп беру арқылы ұйымдастыру;
  • Мешіт дəретханаларын қолдану барысында арақашықтықты жəне сантитарлық талаптарды сақтай отырып, мүмкіндігінше тез  дəрет алу;
  • Намаз оқитын залдардың  көлеміне қарай, уақытымен  залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу;
  • Жасы үлкен кісілер,  денсаулығы нашар адамдар (ер жəне əйел)  жəне жас балалар намаздарын үйлерінде оқу.

"Қызыл" аймаққа кіретін облыстарда:

  • Тарауық намазы оқылмайды;
  • Бес уақыт намазды тек жекелеген түрде оқу;
  • Намаз оқушылардың арақашықтығы 2 метр болып арнайы белгіленген орындарда оқу;
  • Намаз оқитын залдарда имамдар жəне намаз оқитын адамдар міндетті түрде бетпердемен болу;
  • Ораза ұстаған адамдарға мүмкіндігінше ауызашар қоржынын  жеткізіп беру арқылы ұйымдастыру;
  • Намаз оқып болған соң, мүмкіндігінше мешіттен тезірек  шығу;
  • Жасы үлкен кісілер,  денсаулығы нашар адамдар (ер жəне əйел)  жəне жас балалар намаздарын үйлерінде оқу.

Бас мүфтидің орынбасары Ершат қажы Оңғардың айтуынша, бұл талаптар жергілікті бас санитар дəрігердің шешімі бойынша өзгеруі мүмкін.