Экономика

Банктердің бірі 750 000 теңгеге дейін процентсіз кредит береді

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына газ қосу үшін процентсіз кредит беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір — Sputnik. Елордада тұрғын үйлерді газдандыруға жәрдемдесу жобасы іске қосылды.  

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, Halyk Bank және "ECOJER" қауымдастығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты

"Ол Halyk Bank-тен елордада алғашқы жүз тұрғынның үйін газбен жабдықтаудың орталық желілеріне қосу үшін процентсіз кредит беруді көздейді", - делінген хабарламада.

Халықтың экологиялық таза көгілдір отынға көшуін жеделдету үшін қаржылық ынталандырудың қосымша шараларын енгізу қажет.

Осыған байланысты Halyk Bank аса ірі әлеуметтік жауапты қаржы институты ретінде, өз үйлерін газға қосуды қалайтын бірінші жүз абонентке процентсіз кредит бере отырып "ECOJER" қауымдастығының бастамасын қолдады.

Тек әйелдерге берілетін ипотека: бағдарлама бойынша қашан өтініш қабылдана бастайды

"Halyk Bank экологияны жақсартуға және ауа бассейнін тазартуға байланысты бірқатар бастаманы қолдайды. Бүгін біз Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғын үйлерді газдандыру жобасын қолдауға дайын екенімізді мәлімдедік. Банк газды тұрғын үйге жеткізуден бастап, барлық қажетті газ коммуникацияларын қосуға және қажетті жабдықты орнатуға процентсіз қарыз береді", - деп атап өтті Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша пайызсыз кредит беру бағдарламасының шарттары бойынша елорда тұрғындары 750 000 теңгеге дейінгі сомаға, 18 айға дейінгі мерзімге жылдық 0% - бен кредит ала алады (қарызды ұйымдастырғаны үшін комиссия небәрі 0.1%-ті құрайды).

"ECOJER" қауымдастығы кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова бұл әлеуметтік маңызы бар жоба мемлекет басшысының елорданы газдандыру жөніндегі тапсырмасын орындауды қолдау мақсатында іске асырылып жатқанын атап өтті.

Процентсіз кредитті қалай алуға болады  

  • кеңес алу, өлшеу мен құнын есептеу үшін жақын жердегі ұйымға ("Capital Construction 2020" ЖШС) хабарласу керек;
  • газды қосу үшін "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-дан техникалық шарттар алу керек;
  • жеткізушімен шарт жасап, "ECOJER" қауымдастығының "Жасыл сертификатын" алу керек;
  • шартпен және сертификатпен Halyk Bank-тің екі бөлімшесінің біріне процентсіз кредит алу үшін хабарласу керек (Жеңіс даңғылы, № 72 үй және Бейбітшілік көшесі, № 24 үй, № 4 т.е.ж.).

Толық ақпаратты halykbank.kz және ecojer.kz сайттарынан алуға болады.